Алматыда өрт шыққан жеңіл атлетика манежі қалпына келтіріледі. Ал онда жаттығып келген 352 спортшы уақытша қаланың басқа спорт нысандарына ауыстырылады. Олардың жаттығу кестесі үзілмейді, деп хабарлады Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері, - деп хабарлайды Almaty.tv.
15 қарашада №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің жеңіл атлетика манежінде өрт шыққан болатын. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тілсіз жау толық сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Спортшылардың жаттығуын тоқтатпау үшін оларды қаладағы бірнеше спорт мекемесіне орналастыру туралы шешім қабылданды. 110 спортшы Республикалық спорт колледжінде, 70 спортшы Олимпиадалық даярлық базасында, тағы 60 спортшы Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде жаттығады. Қалған 112 спортшының дайындығы Спорт басқармасына қарасты дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде жалғасады.
Балалардың жаңа жаттығу орындарына барып-қайтуы үшін арнайы автобустар қарастырылады. Мектеп басшылығы мен жаттықтырушылар ата-аналарға өзгертілген кесте, жаттығу мекенжайлары және тасымалдау тәртібі жөнінде ақпарат беріп жатыр.
Алдын ала деректерге сүйенсек, өрт салдарынан манеждің шамамен 1 100 шаршы метр аумағы зақымданған. Қызыл жалыннан ғимаратқа зақым келгенімен, металл зілтемірлер мен дискілер секілді кейбір спорттық жабдықтар бүлінбеген. Қазіргі уақытта бүлінген мүлік түгенделіп жатыр. Ал материалдық шығынның нақты көлемі арнайы комиссияның бағалауынан кейін белгілі болады.
Манеж бұрынғы орнында қалпына келтіріледі. Жұмыс басталар алдында мамандар техникалық тексеру жүргізеді. Оның қорытындысына қарай қажетті шара, жұмыстың орындалу мерзімі мен қаржыландыру көлемі айқындалады.