Алматыда алғаш рет аула аумақтарын кешенді күтіп ұстау тәжірибесі енгізілді

18.12.2024 14:21

Биыл Алматы әкімдігі алғаш рет аулаларды кешенді күтіп ұстау тәжірибесін енгізді

Пресс-служба акима города Алматы

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінің Алматыдағы көшпелі брифингінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Биыл Алматы әкімдігі алғаш рет аулаларды кешенді күтіп ұстау тәжірибесін енгізді. Бұл санитарлық тазарту, көріктендіру элементтерін жөндеу және жасыл аймақтарды күтіп ұстау жұмыстарын бір келісімшарт аясында жүзеге асыруды қарастырады. Осылайша, жауапкершілік шекарасына қатысты мәселелер жойылды", – деді Ерболат Досаев.

Әкімнің айтуынша, мегаполистегі 4 000-нан астам аула аумағын кешенді күтіп ұстау үшін қаржыландыру 2024 жылғы 24,8 млрд теңгеден 2025 жылы 27 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар Алматы әкімдігі алғаш рет үш жылдық келісімшарттар жасау тәжірибесін енгізді. Бұрын аулалар мен көшелерді күтіп ұстауға арналған байқаулар жыл сайын өткізіліп, мердігерлерге қымбат арнайы техника сатып алу тиімсіз болатын.

Бұл шара мердігер ұйымдар үшін тұрақты және болжамды жұмыс ортасын құруға мүмкіндік береді. Жаңа тәсіл байқау процедуралары кезінде мердігерлердің жоқтығынан тазалау жұмыстарының тоқтап қалуына жол бермейді. Өз кезегінде, мердігер ұйымдар техника сатып алуға және қызметкерлер санын кеңейтуге қатысты шығынды жоспарлай алады.

Оқи отырыңыз: Алматыда ғимараттарды сейсмикалық күшейту бойынша қалалық бағдарлама әзірленеді