Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеді

03.06.2026 14:20
пресс-служба акима Алматы

Бүгінде Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 712 мыңнан астам жас тұрады. Бұл қала халқының шамамен 32 пайызы. Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, қалада жастар саясаты саласында жастардың әлеуетін қолдауға және дамытуға бағытталған кешенді жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Басым бағыттардың бірі – жастарды қаланың қоғамдық өміріне кеңінен тарту. Соңғы бір жыл ішінде 350 мыңнан астам жастың қатысуымен мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылып, әлеуметтік жобалар мен еріктілік бастамалар іске асырылды. Бұл туралы Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қалада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Алматыда 5,7 мыңнан астам адамның қатысуымен 55-тен астам экологиялық шара өткізіліп, оған 1,8 мыңнан астам ерікті атсалысты.

Мұндай бастамалардың қатарында Plastic Hunt, Plastic-FREE Week, «Қағаз boom», EcoQuest Almaty, EcoQala Fest, «Эко-рейнджерлер» жобалары, сондай-ақ экологиялық челлендждер мен ағартушылық акциялар бар. Plastic Hunt акциясы барысында 25 келіден астам пластик қалдық жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Plastic-FREE Week кезінде қатысушылар 200 келіден астам пластик бөтелке мен қақпақ жинаса, «Қағаз boom» акциясы аясында шамамен 2 тонна макулатура қайта өңдеуге тапсырылды.

Сонымен қатар #ТазаSnap, #EcoSortChallenge, #EcoStyleDay, #ЭкоСана және «Эко-сторителлинг: Менің жасыл әдетім» секілді эко-челлендждер өткізілді. 3 мыңнан астам адамды қамтыған «EcoБақылау» рейдтері ұйымдастырылып, базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтарында «EcoСана» ақпараттық акциялары өтті. Бұдан бөлек, Алматының барлық ауданында жастар, студенттер мен еріктілердің қатысуымен ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылды.

Экологиялық жобалар жоғары оқу орындарында да белсенді жүзеге асырылуда. Қаладағы 35 университет базасында эколог мамандармен кездесулер, Taza Student Campus акциясы, қалдықтарды сұрыптау бойынша форсайт-сессиялар және Green Campus алаңдары ұйымдастырылып, оларға 2 мыңнан астам адам қатысты. Азаматтық авиация академиясында «Жасыл академия» экологиялық мәдениет орталығы жұмысын бастады.

Қаладағы 11 жастар комьюнити орталығында соңғы бір жыл ішінде қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымы енгізілді. Пластик бөтелкелерді қабылдайтын фандоматтар орнатылып, пластик қақпақтарды қайта өңдеуге жинау жолға қойылды. Сонымен қатар аумақтарды тазартуға арналған «Таза бейсенбі» акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Еске сала кетейік, комьюнити орталықтарда жастарға психологиялық және құқықтық кеңестер, жұмысқа орналасу, кәсіби бағдар беру және кәсіпкерлікті дамыту бойынша қызметтер көрсетіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 17,6 мыңнан астам жас кеңес алып, 570 мыңнан астам адамды қамтыған 2,5 мыңнан аса іс-шара өткізілді. Ал 2026 жылдың басынан бері 210 мыңнан астам қатысушыны қамтыған 980-нен астам іс-шара ұйымдастырылған. Жыл соңына дейін тағы төрт комьюнити орталық ашу жоспарланып отыр.

Қала басшысының тапсырмасымен Алматы халықаралық жастар орталығы ретіндегі позициясын да нығайтып келеді. Қала Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесіне ие болды. Былтыр алғаш рет 12 тамыз – Халықаралық жастар күні кең көлемде аталып өтіп, мыңдаған жастың басын қосқан «Alma Love» фестивалі ұйымдастырылды. Сондай-ақ жастар бастамалары мен заманауи урбанистикалық мәдениетті дамытуға бағытталған «City Makers» қалалық қауымдастықтар фестивалі алғаш рет өткізілді.

Жұмыспен қамту саласында да қомақты нәтижелерге қол жеткізілді. 2025 жылы 24,4 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. 12 мыңнан аса адам оқудан өтіп, олардың 7,2 мыңы тұрақты жұмыс тапты. NEET санатындағы жастар үлесі былтырғы 6,4 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендесе, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызға дейін қысқарды. 2026 жылдың басынан бері тағы 3,7 мың жас жұмысқа орналастырылды.

Жастар арасында есірткінің алдын алу жұмыстары да жалғасуда. «Наркостоп» жобасы аясында 18 мың есірткі жарнамасы өшіріліп, 797 интернет-ресурс бұғатталды және 35 бейнеролик дайындалды. Жоба жалпы 50 мыңнан астам адамды қамтыды.

Жастар ғылымын дамыту да маңызды бағыттардың біріне айналды. Қазақстанда алғаш рет әкімдік деңгейінде ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру қолға алынды. 10 жобаға қолдау көрсету үшін 348 млн теңге бөлінді. Ғылыми зерттеулер экология, жасанды интеллект, энергетика, денсаулық сақтау, қалалық инфрақұрылым және цифрландыру салаларын қамтиды. Биылғы 20 мамырдағы жағдай бойынша Алматы және еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарынан 228 өтінім түскен. 

Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен «Талдау мектебі. Алматы» — Data-Driven City: тұрақты мегаполис жобасы жүзеге асырылуда. Жоба қалалық орта, экономика, мәдениет және Алматының халықаралық имиджін дамыту бойынша аналитикалық деректерге негізделген шешімдер әзірлей алатын мамандар даярлауға бағытталған. 

«Алматы жастардың жан-жақты дамуына және өзін-өзі жүзеге асыруына барлық мүмкіндік жасалған қала ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Бүгінде жастар білім, ғылым, еріктілік және әлеуметтік бастамалар арқылы қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласып отыр», – деді қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері.

Оқи отырыңыз:  Еуропалық әуе компаниясы Алматы туралы арнайы борттық журнал шығарды