Алматының Бостандық ауданында 9 көше мен 33 шақырым жол жаңарады

06.04.2026 12:15

Биыл Алматының Бостандық ауданында ауқымды көріктендіру бағдарламасы жүзеге асады. «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жалпы ұзындығы 32,9 шақырым болатын 9 негізгі көше жаңартылып, жарықтандыру жүйесі жаңғыртылады, веложолдар мен қоғамдық кеңістіктер салынады, сондай-ақ Үлкен Алматы өзенінің арнасы қайта жаңғыртылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Азамат Қалдыбеков осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, жұмыс Розыбакиев, Сәтбаев, Жароков, Тимирязев, Жандосов, Абай, Бұқар жырау, Масаншы мен Мүсірепов көшесін қамтымақ. Жоба аясында ірі көлемді ағаштарды қосқанда, ағаш егіп, сондай-ақ сәндік және бұталы өсімдіктер егу арқылы кешенді түрде көгалдандыру жұмысы қолға алынбақ. Сонымен қатар осы заманауи шамдарды орната отырып, көше жарығын кезең-кезеңімен ауыстыру, шағын сәулет нысандарды орнату жағы да қарастырылған. Бұдан бөлек, аталған көшелерде веложолдар мен қоғамдық көлікке арналған арнаулы жолақтар пайда болады.

«Біздің міндетіміз — әр көшеде тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз болатын жайлы әрі замандық қалалық орта қалыптастыру. Біз «қасбеттен қасбетке дейін» қағидатын іске асырып, жол жабынын ғана емес, оған іргелес бүкіл инфрақұрылымды кешенді түрде жаңартамыз. Бұл өмір сүру сапасын арттырып, ауданды тұрғындар үшін тартымды етеді», — дейді әкім.

Жобаның маңызды бөлігі инженерлік қайта жаңғырту болады: ашық арықтар жабылып, «Таза аспан» қағидаты бойынша жерасты науалары мен коммуникациялар тартылады. Бұл инженерлік желілерді ретке келтіріп, көшелердің сыртқы келбетін жақсартады. Көріктендіру жұмысының барлығын биыл жыл соңына дейін аяқтауды межелеп отыр.

Сонымен қатар ауданда экологиялық жоба — Үлкен Алматы өзенінің арнасын №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі учаскеде қайта жаңғырту жүзеге асырылып жатыр. Мұнда жағалауды нығайту, су бұру жүйесін дамыту, көгалдандыру мен жайлы қоғамдық кеңістік құрылады.  

«Біз экологиялық инфрақұрылым мен табиғи аумақты көркейтуге ерекше назар аударамыз. Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, тұрғындар үшін жаңа тартымды орындар қалыптастырады. Соның нәтижесінде қала тұрғындары демалу мен серуендеуге арналған қолайлы кеңістікке ие болады», — деді әкім.

Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, Үлкен Алматы өзеніндегі құрылыс-монтаж жұмысын алдағы 30 мамырға дейін аяқтамақ. Барлық жобаны жүзеге асыру қалалық ортаның сапасын арттырып, тұрғындарға жайлы жағдай жасауға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Алматының Бостандық ауданында 154 шақырым электр желісі жаңғыртылып, 100 шақырымға жуық су құбыры тартылады