Ұлттық театрда бірнеше жылдық үзілістен кейін жаңа премьера

27.04.2026 10:39
Depositphotos

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 27, 28 сәуір заманауи қазақ драматургиясының жаңа форматы «Жүрегімде екенсің...» метафизикалық драмасының премьерасы өтеді. Драматург Мия Алгожаеваның қаламынан туған бұл туынды – адам жанының терең қатпарларына үңіліп, ұлттық код пен рухани тамырды іздеуге бағытталған туынды болмақ, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қойылымның ерекшелігі мен жаңалығы: Бұл шығарма дәстүрлі театр шеңберінен шығып, метафизикалық бағытта сахналанады. Қоюшы режиссер Қуаныш Мамытқалиев көрерменді жай ғана оқиғаға куәгер етпей, кейіпкердің ішкі әлеміндегі жұмбақ лабиринтке жетелейді. Бұл ретте драматург Мия Алгожаеваның адам психологиясының ең нәзік қатпарларын дәл басып, болмыс пен бейболмыстың аражігін философиялық тереңдікпен өре білген қаламгерлік шеберлігі туындының интеллектуалдық деңгейін асқақтатып тұр.

Сюжеттік желі:  Парижде өскен қазақ қызы Шерлин көп жыл өткен соң Алматыға оралады. Оның мақсаты – өз өмірінің көмескі қалған беттерін ашу, балалық шағы мен тамырына қайта жалғану.

Бейтаныс пәтерде басталған жұмбақ оқиғалар, Шерлинді өз жадынан өшірілген өткеніне жетелейді. Уақыт шырғалаңына түскендей күй кешкен кейіпкер шындық пен елестің арасын ажырата алмай, жанындағы адамдардың кім екенін және өз тағдырының қалай өзгергенін түсінуге тырысады.

Спектакль ұлттық тамырдан ажыраудың ауыр салдарын, адам жанының терең жарасын және туған жерге деген мәңгілік сағынышты бейнелейді. Бұл – шетелде өскен қазақ балаларының өз рухани коды мен ұлттық болмысын іздеу жолындағы әсерлі хикая.

Неге қойылым бүгінгі күнмен ұштасқан: Шетелде өскен қазақ балаларының өз рухани болмысын іздеуі – бүгінгі қоғамның ең ауыр да маңызды тақырыптарының бірі.

Жұлдызды құрам: Сахнада Бахтияр Қожа, Шынар Асқарова, Гүлшат Тутова сынды театр майталмандары мен қоса Захира Рахымжан, Әділет Базарбай, Райымбек Бекет пен Зарина Каташева бастаған талантты жастар өнер көрсетеді.

Бұл спектакль  көрерменге шетелдегі қазақ балаларының «Біз кімбіз? «Біздің тамырымыз қайда?» деген сұраққа жауап іздететін, сезім мен сананың арпалысына толы қойылым.

Оқи отырыңыз: Алматыда кітапханашыларға арналған республикалық хакатон өтті