Құрылысы 2023 жылдың ақпанынан басталған нысан биыл қарашаның соңына дейін толықтай қолданысқа берілмек
Алматыдағы Қарасу және Өжет ықшамауданының 20 мыңнан аса тұрғыны заманауи үлгідегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының қызметіне жүгіне алады. Жаңа нысан күн сайын 200 адамды қабылдауға қауқарлы. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың Алатау ауданына жасаған жұмыс сапарында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданында бой көтерген жаңа орталықта жергілікті қызмет, клиникалық диагностика, гинекология және мамандандырылған медициналық көмек беруге арналған 4 бөлім бар. Жаңа дәрігерлік амбулатория рентген, аудиограмма, спирография, электрокардиограмма, ультрадыбыстық диагностика сияқты заманауи құрылғылармен жабдықталған. Құрылысы 2023 жылдың ақпанынан басталған нысан биыл қарашаның соңына дейін толықтай қолданысқа берілмек.
"Орталықта отбасылық дәрігерлер және мамандардың барлығы болады. Барынша халықты басқа емханаларға жүгіртпей, осы жерде көп қызмет атқаруға бел байлап отырмыз", – деді №21 қалалық емхананың директоры Әкім Тұрсын.
Шаһар басшысы Ерболат Досаев жұмыс сапарының аясында жаяу жүргіншілерге арналып салынған алаңға да барды. Кездесуде Бағаналы Орда көшесінің бойында орналасқан ұзындығы 1200 метр болатын бақтың аумағы түгелдей тегістеліп, асфальт пен тас төселгені белгілі болды. Сонымен қатар ауданы 55,4 мың шаршы метр көгалдандырылғаны айтылды.
"Төрт түрлі 1000-нан аса ағаш отырғызылды. Адамдар серуендейтін саябақта отыратын орындар, алтыбақан бар. Тұрғындардың сұрауы бойынша көлік тұрағын жасадық", – деді құрылыс компаниясының директоры Медет Тоқтаров
Қала әкімі саябақ құрылысына жауапты мамандарға қосымша ағаш отырғызуды тапсырып, аудан тұрғындарымен де тілдесті. Олар Қарасу көліне қатысты атқарылған іс туралы талдау өткізді. Жиналған көпшілік көл аумағында жүргізілген тазалық жұмыстары үшін алғыс айтып, су қоймасының маңында жаяу жүргіншілерге арналған алаң салуды өтінді. Жұртшылықтың пікірін тыңдаған шаһар басшысы көріктендіру жобасы әзірленетінін айтты. Сондай-ақ сапар барысында Ерболат Досаев Боралдай шағынауданында салынып жатқан жаңа ауыз су құбырының және кәріз жүйесінің құрылысымен де танысты.
"Ауданда 52 км ауыз су желісін және 20 км кәріз желілерін жүргізумен айналысып жатырмыз. Жұмыс қыркүйекте басталды. Алла қаласа, келесі жылы қазанның соңына тапсыру жоспарлануда. Бөлінген қаражат 2 млрд 600 млн теңге. 1000-ға жуық абонементті қамтимыз", – деді құрылыс компаниясының басшысы Ерғали Егізбайұлы.
Қазір бұл аумақта атқарылатын жұмыстың 20 пайызы орындалған. Шаһар басшысы мердігер компания өкіліне іс уақытылы аяқталуы қажет екенін айтып, барлық стандарттарға сай болуын қадағалауды тапсырды.
Еске салайық, Алматыда инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Биыл 9 айдың ішінде 219 шақырым жаңа су құбыры орнатылған. Ал келер жылы көрсеткіш тағы 240 километрге артпақ.
Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Алматының Алатау ауданында жаңа жаяу жүргіншілер аймағы салынды