Заң мен тәртіп: Алматыда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

14.11.2025 17:59

Жалпықалалық жәрмеңкеде 60-тан астам компания 1 200-ден аса жұмыс орнын ұсынды

Алматыда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ауқымды іс-шара жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Игі бастаманы Еңбек мобилділігі орталығы, қалалық прокуратура мен Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырыпты. Жәрмеңкеде 60-тан астам компания құрылыс, өндіріс және өнеркәсіп, көлік және логистика, қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтану, білім беру, медицина және қаржы салалары бойынша 1 200-ден астам жұмыс орнын ұсынды.   

«Жалпықалалық жұмыс жәрмеңкесінің атауы – «Заң мен тәртіп». Яғни, заңды түрде жұмыс атқару, заңды түрде жұмысқа кіру. Сондай-ақ бұл тәртіпті жастар арасында арыі қарай насихаттау және жастардың өзіне лайық жұмысын табуына мүмкіндік беру жағы қарастырылған», - деді Еңбек мобилділігі орталығының директоры Әділет Жаңабаев.

Жәрмеңкеге келгендер жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып қана қоймай, қайта даярлау курстары мен кәсіби оқыту бағдарламалары туралы ақпарат ала алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл - еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты игеріп, бәсекеге қабілеттілігін арттырғысы келетін азаматтар үшін маңызды мүмкіндік.

«7–8 бос жұмыс орны бар. Біз осы жәрмеңкеге өте жиі келеміз. Бізде икемді жұмыс кестесі бар, студенттерге де қолайлы. Жәрмеңке өте ыңғайлы, себебі қатысушылар біздің компания туралы шынайы ақпарат алып, таныса алады. Бұл бізге де тиімді: біз кандидатты көзбе-көз көре аламыз», – деді жұмыс беруші ұйымның өкілі Жәния Әміржанқызы.

Оқи отырыңыз: Жасыл желек пен жарық: Алматының Торайғыров көшесінде ауқымды жаңарту жұмысы аяқталды