Жастар денсаулығы: Алматыда тағы 8 орталық ашу жоспарланып отыр

04.09.2026 15:53

Орталықта бірнеше қызметкерден кеңес алуға болады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда жасөспірімдер мен жастарға медициналық және психологиялық көмек көрсететін 12 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Мұнда гинеколог, уролог, дерматовенеролог, терапевт, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерден кеңес алуға болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жастарға көрсетілетін медициналық және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін қалада тағы 8 орталық ашу жоспарланған.

Бұл мәселе Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қатысуымен өткен жиында талқыланды. Кездесуде қолданыстағы орталықтардың жұмысы сараланып, жастар денсаулығын қорғау бағытындағы шараларды одан әрі жетілдіру мәселесі қаралды.

Жиында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, репродуктивті денсаулықты сақтау және түрлі инфекциялардың алдын алу мәселелеріне басымдық берілді.

Орталық мамандары колледждерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдерге жыныстық жетілу кезеңі мен репродуктивті денсаулықты сақтау жөнінде кеңес береді. Қалада жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен түсік жасату көрсеткіштерінің төмендегені де атап өтілді.

Сонымен қатар жиында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, Жоғары медициналық колледж түлектерін жұмысқа орналастыру және халықты вакцинациялаумен қамту деңгейі сияқты денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды.

Оқи отырыңыз: Сапалы тамақ - сау бала: Алматыда мектеп асханаларына бақылау күшейді

Толық көрсету