Жайлы мектеп: Алматыдағы білім ордасының құрылысы тексерілді

28.11.2024 15:10

Мектептің құрылыс жұмысына шамамен 90 пайыз отандық өнім қолданылған

Алматының Бостандық ауданында салынып жатқан 1500 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы келер жылдың ақпанында аяқталады. Мердігер ұйым AMANAT партиясының мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық мәслихат депутаттары құрылыс қарқынымен танысып, атқарылып жатқан істің сапасына баға берді. Сондай-ақ 2 гектар аумақта бой көтерген білім ордасында халықаралық стандарттарға сай 4 спорт залы салынған.

"Бірінші балалардың қауіпсіздігі ескеріледі. Жоғарғы қабаттарда терезелерге қорғаныш орнату керек деген ұсыныс айтылды. Екіншіден, балалар жолдан қалай өтеді еді? Жол белгілері қойылған ба? Көлікпен келгенде балаға түсуге ыңғайлы ма?  Осы мәселелер толық айтылды", – деді қалалық мәслихат депутаты Жандос Нәдіров.

Мектептің құрылыс жұмысына шамамен 90 пайыз отандық өнім қолданылған. Мердігер компания алғашқы әскери дайындық пәніне арналған алаңның да болатынын атап өтті.

Еске салайық, 2025 жылы Алматы қаласында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының аясында 21 білім ордасын салу көзделген. Соның нәтижесінде, шаһардың барлық ауданын қоса есептегенде 34 мың 800 орын ашылмақ.

"Бүгін әріптестерімізбен бірге «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынған ғимараттарды тексердік. 1500 оқушыға арналған білім ордасы келер жылы қолданысқа беріледі. Тұрақты түрде бұл нысанға келіп, тұрғындармен тілдесіп тұрамыз. Екі арада қандай да бір мәселе туындаса, дер кезінде шешуге тырысамыз. Мәселен, бұған дейін инженерлік желілерге қатысты түсініспеушілік пайда болған, реттелді", – деді  Бостандық ауданы AMANAT партиясы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Дмитрий Дыбов.

Оқи отырыңыз: Алматыда ескі шамдарды ауыстырып жатыр