Жарқын күз: Алматыда 10 мыңнан астам ағаш отырғызылды

21.10.2024 21:25

Экологиялық акцияға 300-ден астам арнайы техника мен 1755 коммуналдық қызметкер жұмылдырылған

Алматыда "Жарқын күз" науқаны барысында 10 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шара "Таза Қазақстан" акциясы мен "Алматы – біздің ортақ үйіміз" жобасы аясында басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Жарқын күз" науқаны мегаполистегі 8 ауданды бірдей қамтыған. Алматыны жасыл желекке бөлеу мақсатында ұйымдастырылған іс шараға қала тұрғындары, қоғам және экология белсенділері атсалысты. Алатау ауданында сенбілікке 3 мыңнан астам адам қатысып, 2100 ағаш отырғызылды.

"Барлығыңызды әр сенбі сайын тазалыққа, сенбілікке шақырам. Қолыңыздың ұшы тисе, ертеңгі ұрпаққа көрсеткен өнеге болмақ", – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актері Оңдасын Бесікбасов.

Қала бойынша өткен іс-шарадан жастар да шет қалмады. Олар мұндай науқанның маңызына тоқталып, шаһардың тазалығы мен көгалдандыруына үлес қосу - ортақ міндет екенін алға тартты.

"Сенбілік дегеніміз – ол, тек тазарту жұмыстары емес. Ең алдымен, ол – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар жас буынды, қала тұрғындарын экологиялық мәдениетке үйрету. Қаламызды аялау керегін көрсету деп білемін", – деді  «Жастар саясатын дамыту» мемлекеттік қорының директоры Бағдат Анарбаева.

Ал Алмалы ауданының тұрғындары Махатма Ганди атындағы саябаққа тазалық жасап, түскен жапырақтарды сыпырды. Сонымен қатар жас көшеттерді де екті. Бостандық ауданында сенбілікке жүргіншілер жолы мен аллеялардың қоқысын жинады. Біразы орындықтарды бояды. 

"Жыл басында 6000-ға жуық ағаш отырғызуды жоспарлағанбыз. Ауданның тұрғындары, белсенділері және кәсіпкерлердің көмегімен жасыл желектің саны артып, 15000-нан астам түрлі ағаш отырғызылды," – деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Сәкен Аралбаев.   

Айта кету керек, экологиялық акцияға 300-ден астам арнайы техника мен 1755 коммуналдық қызметкер жұмылдырылған. Демалыс аймақтары, саябақтар, скверлер және аула маңында жүргізілген ауқымды тазалық жұмыстары барысында шамамен 4 мың текше метр қоқыс жиналды.

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Халықаралық алма күні: Алматының үздік аспаздары апорттан дәм әзірледі