"Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында "Жарқын күз" акциясы өтіп жатыр.
Алматыда "Алматы – біздің ортақ үйіміз" қалалық бастамасы мен республикалық "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында "Жарқын күз" акциясы өтіп жатыр. Бұл шара 24 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл жолы Аюсай шатқалында Алматы қаласының туризм басқармасы мен Almaty Tourism Bureau ұйымдастырған табиғи нысандар мен визит-орталықтың аумағын тазалау шарасы өтті. Қатысушылар өзен жағалары мен жол бойындағы алаңқайларды пластикалық бөтелкелер мен қоқыстардан тазартты. Соның нәтижесінде демалушылардан қалған 300 келіге жуық қоқыс жиналды.
"Бұл жай ғана тазалау емес, болашаққа жасалған қадам. Табиғатқа зиян келтіріп, бей-жай қарауға болмайды. Бүгінгі іс-шара әрқайсымыздың қоршаған орта мен қаламыздың бірегей табиғатын қорғауға үлес қоса алатынымызды көрсетті", – деді Qazaq National Parks компаниясының өкілі Тілек Әділжанов.
"Таза Қазақстан" бағдарламасының күзгі циклы – "Жарқын күз" науқанын алматылық белсенділер де қолдап, Алмаарасан ыстық бұлағында кезекті сенбілік өткізді.
Бұл топтың құрамындағы салауатты өмір салтын ұстанушылар әр демалыс сайын тауға шығып, табиғаттың бастапқы келбетін қалпына келтіруге тырысады. Қолдарында қолғап, қоқысқа арналған қапшықтар мен шынайы ниетпен іске кіріскен белсенділер туристер қалдырған пластик және басқа да экожүйеге қауіп төндіретін қоқыстарды жинайды.
Белсенділердің бірі Тимур Хасенов топтың бастапқыда 2023 жылы наурызда құрылған 35 адамнан тұратынын айтты.
"Біз тауға денсаулықты нығайтып, өзенде шомылуға келетінбіз. Бірақ демалушылардан қалған қоқыс көп екенін көрдік. Бұл әдетке айналды, әр сенбі, жексенбі сайын осында тазалық жүргізе бастадық. Кейін топ үлкейді. Қазір біз мұны екі жылға жуық жалғастырып келеміз – аптасына 3-4 рет топқа бөлініп, қоқыс жинаймыз. Алғашында бір пакеттен жинайтынбыз, қазір әр серуен сайын 6-7 қапқа дейін жинаймыз. Орташа алғанда, әр жолы 75-80 келі қоқыс жинаймыз, біз арнайы қаптарды өлшеп те көрдік", – деді Тимур.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Аюсай шатқалы қоқыстан тазартылды