Биыл Алматыда 326 көшені жөндеу жоспарланған
Алматының Жетісу ауданында 26 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Су жаңа, теп-тегіс асфальт Кемел шағынауданындағы көшелерге төселген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жетісу ауданында биыл 26 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Яғни, ондағы 33 көшенің 31-іне екі қабат жол жабыны төселіп, жаяужол салынған. Жауаптылардың айтуынша, жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме шаруаны тыңғылықты атқарған..
«Осы қазір біз тұрған Постышева, Есім хан көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жасалды және жаяу жүргіншілерге тротуар салынды. Келесі жылы 30 көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Тұрғындармен сөйлесіп, ақпарат жинап жатырмыз», – деді Жетісу ауданы Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Ернат Әбдірахманов.
Жаңартылған, сапалы жолдар аудан көркін одан әрі айшықтай түскендей. Оны жергілікті тұрғындардың өздері айтып отыр. Сөздерінше, көшелердің жөнделуі күнделікті жүріп-тұруға үлкен жеңілдік.
«Бұған дейін көшелердің бәрі лай-батпақ болып жатушы еді. Адам аяқ басып жүре алмайтын. Тіпті автобус соңғы аялдамаға дейін бармайтын. Балалардың мектепке барып-келуі де қиын болды. Қазір жол төселіп, тротуар салынып, жақсы болды. Ауданымыз таза, көрікті болып қалды. Дән ризамыз!» – деді Жетісу ауданының тұрғыны Екатерина Трегубенко.
Айта кетейік, биыл қалада 326 көшені жөндеу жоспарланған. Мамандардың сөзінше, құрылыс кезең-кезеңімен жүргізіліп, аяқталуға жақын.
Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов
Оқи отрыңыз: Халық қатысатын бюджет: Алматы бойынша Жетісу ауданы көшбасшы атанды