Жылу, жарық және сапалы су: Алматыда тұрғындарды толғандырған мәселелер қалай шешіліп жатыр

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданындағы  халықпен жүздесті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Түрксіб ауданындағы «Тамарикс» тұрғын үй кешеніне барып, халықпен жүздесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жергілікті тұрғындар жылу және электрмен жабдықтау мәселелерін қозғады. Шаһар басшысы қазандықты тиісті мекеменің теңгеріміне беруді жеделдетіп, трансформаторлық қосалқы стансаларға қатысты мәселені шешу үшін қажетті шаралар қабылдауды жүктеді. Құрылыс салушы анықталған кемшіліктерді жоюы тиіс. Одан соң Энергетика басқармасы қосалқы стансаларды теңгеріміне қабылдайды. Сонымен қатар тұрғындарға жеке шот ашу мәселесі талқыланды. Құрылыс салушы бұл мәселені шешуге қажетті қолдау көрсетеді. Одан бөлек, тұрғындар жол мен тротуардың жай-күйі, арық желісі және сыртқы жарықтандыру жайын да көтерді. Тиісті қызметтерге қажетті жұмысты, жауапты орындаушыларды және оларды жүзеге асыру мерзімін айқындау тапсырылды. 

«Кездесуде бірнеше маңызды мәселе көтерілді. Соның ішінде газға қатысты түйткіл бар. Негізгі мәселелердің бірі – кейбір нысандардың техникалық талаптарға сай келмеуі. Біз осы уақытқа дейін құрылыс салушымен өз күшімізбен келісіп, шешуге тырысып келдік. Алайда нақты ілгерілеу тек былтыр, әкімнің осында алғаш келгенінен кейін байқалды. Содан кейін бір жыл бойы бірқатар жұмыстар атқарылды. Бірақ мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Сондықтан бүгін қайтадан кездесу ұйымдастырып отырмыз. Осыдан кейін электр энергиясы, газ және лифтілерге қатысты негізгі мәселелер шешіледі деп үміттенеміз», – деді қала тұрғыны Гюзель Рахимжанова.

Шаһар басшысы Жетісу ауданындағы нысандарды аралап, инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарының барысын бақылап шықты.

Айта кетейік, Павлодарская көшесінде ондаған жыл бойы пайдаланылып келген су құбыры желілері қайта жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар сумен қамту сапасын жақсартып, желілердегі апаттық жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.

Матросов көшесінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын жаңа инженерлік желілер салу көзделген.

Оқи отырыңыз: Әділдік алаңы: МИБ жұмысы туралы не білу маңызды