Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінен мәлім етті
Маңғыстау облысында Каспий жағалауынан 130-дан астам итбалықтың ұшасы табылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий жағалауынан 130-дан астам итбалықтың ұшаларын тапты.
8 қараша күні Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы, Түпқараған ауданы жергілікті атқарушы органдары, полиция бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі, Гидробиология және экология институты, Маңғыстау облысының Экология департаменті, Маңғыстау облысының аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау бөлімшелері, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы өкілдерінен құралған комиссия өлген итбалықтар анықталған Түпқараған ауданына барған.
«Қазіргі уақытта ғылыми институттар мен ұйымдардың, сондай-ақ ветеринария бөлімінің қызметкерлері гидробиологиялық, гидрохимиялық талдаулар жасау үшін жануарлар өлген жерде су мен топырақтан сынама алды, сондай-ақ гистологиялық және токсикологиялық зертханалық зерттеулер жүргізуге тіндер, оның ішінде ішкі ағзалар алынды», - делінген мәліметте.
Каспий итбалықтарының қырылу фактісі Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының полиция бөлімінде 2022 жылғы 7 қарашада тіркелді.