Аюлардың бұл түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген
Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында Тянь-Шань қоңыр аюлары фототұзаққа түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.
Тянь-Шань қоңыр аюлары камераның маңынан емін-еркін өтіп жатқаны көрінеді, кейбіреуі тіпті арнайы түсірілімге дайындалып келгендей.
"Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған фототұзақтарға сәуірдің 6-ы мен қыркүйектің 6-ы аралығында Тянь-шань қоңыр аюларының 5 үлкен түрі және 3 қонжығы түскен", - делінген видео сипаттамасында.
Айта кетейік, аюлардың бұл түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Соңғы жылдары ұлттық парк аумағында аталмыш жыртқыш жиі кездеседі - санақ жұмыстарының нәтижесінде Жоңғар Алатауында Тянь-Шань қоңыр аюларының санының жыл сайын артқаны байқалады.