Бес жыл ішінде 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында каналдар мен су қоймаларын салуды талқылау кезінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін жеткізуіміз қажет. Суармалы егіншілік негізгі су тұтынушы болып отырғанын айта кету керек. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің алаңы 1,6 миллион гектарды құрады. Бес жыл ішінде 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады. Осылайша, суармалы жерлердің алаңы 2,2 миллион гектарға дейін жеткізілетін болады», – деді С. Брекешев.
Оның айтуынша, бұдан әрі 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілетін болады.
«Суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі туралы қысқаша баяндап өтейін. Су тартудың барлығын алатын болсақ 12,1 текше километр тұрақты суаруға келеді. Оның ішінде 11,8 текше километр 4 оңтүстік облысқа тиесілі: 1,25 млн гектар суармалы алаңы бар Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары қамтылған. Яғни, бұл суаруға арналған су тартудың 97% пайызы және ел бойынша барлық суармалы алаңның 78% пайызы. Бұл ретте, осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаң республика бойынша 248 мың гектарды құрады. Оның ішінде оңтүстік өңірде 1,25 млн гектардың тек 5,4 пайызы немесе 67,7 мың гектары ғана енгізілген», – деді министр.