Ауа құрамындағы ластаушы заттардың төмен деңгейі де денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіреді
Әлем тұрғындарының 99 пайызы ластанған ауамен тыныс алуда. Ауаның ластану деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) белгілеген нормалардан асып түседі және адам денсаулығына үлкен қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазіргі кезде 117 елдің 6 мыңнан астам қаласында ауа сапасына мониторинг жасалуда. Ластанған ауаның құрамында ұсақ қатты бөлшектер мен азот диоксиді жоғары, бұл жағдай, әсіресе, табысы төмен және орташа елдерде жиі кездеседі. ДДҰ қазбалы отынды пайдалануды шектеуге және ауаның ластануын азайту үшін басқа да шаралар қолдануға үндеп отыр. Бұл деректер биыл «Біздің планета — біздің денсаулығымыз» ұранымен өтетін Дүниежүзілік денсаулық күні қарсаңында шығарылған ДДҰ ауа сапасы туралы 2022 жылғы жаңартылған ақпарат қорынан алынған. Деректер базасы әлемдегі ауаның жай-күйін бақылау мақсатында құрылды және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ілгерілеуді бақылау үшін пайдаланылады. Ауа құрамындағы ластаушы заттардың төмен деңгейі де денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіреді. Қатты бөлшектер өкпеге терең еніп, қан айналымы жүйесіне сіңіп, жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелеріне әсер етеді.
Ауадағы азот диоксидінің мөлшері тыныс алу органдары ауруларын, атап айтқанда демікпе тудырады. Ел үкіметтерінің ауаның сапасын жақсарту үшін жасай алатын қадамдарға: ДДҰ талаптарына сәйкес келетін ұлттық стандарттар енгізу, ауа сапасына мониторинг жүргізу, тек экологиялық таза тұрмыстық энергияға көшу, шығарындылар саласы мен көлік құралдарының эффективтілігіне қатаң стандарттар қою, сондай-ақ энерготиімді тұрғын үй мен электр энергиясын өндіруге инвестиция салу жатады.