Әйгілі Опра Уинфри күзгі Алматының ерекше видеосын бөлісті

28.09.2021 16:17

Бейнероликті өткен жылдың қазанында отандық танымал видеограф Анзор Гасаев түсірген

коллаж refinery29.com

Америкалық тележүргізуші Опра Уинфри Instagram-да  күзгі Алматының ерекше видеосын бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнероликті өткен жылдың қазанында отандық танымал видеограф Анзор Гасаев түсірген.

«Досым таңертең жүгіреді. Ол күздің әсем бейнесін Instagram-ға салып қойыпты, соны кездейсоқ көріп қалдым. Сол кезде дрон сатып алған едім. Мен де сол көрікті жерге барып, видеоны жылдам, 5 минут ішінде түсіре алдым. Міне, сол видеоны америкалық тележүргізуші Опра Уинфри жариялапты. Мен өте қуаныштымын. Бұл бекер емес, көбірек видео түсіру керек екен», – дейді Анзор Гасаев.

Айта кетейік, Алматыдағы Терренкур абаттандыру жұмыстарынан кейін қайта ашылды. Кіші Алматы өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер аймағында елорда күнінің қарсаңында салтанатты іс-шара өтіп, тұрғындарға пайдалануға берілді. Қайта жөндеу жұмыстары кезінде аймақтағы көк майсаға нұқсан келтірмеуге баса назар аударылған болатын. Онымен қоса 150 ағаш пен 5 мыңнан астам бұта отырғызылды.