Б. Сағынтаев: Алматыда экологияны жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр

25.06.2021 17:57

Әр ағашқа электрондық паспорт жасалып, жасыл желектердің реестрі құрылды

фото Victor Glutsenko

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында экологияны жақсарту және қоғамдық кеңістіктіерді абаттандыру шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен екі жыл ішінде 72 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Биылғы жылы қаланың барлық аудандарындағы 23 кеңістікте жұмыстар жүруде. Сайран көлін абаттандыру жобасы жасалуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЖЭО-ын газға көшіру жобасы жүзеге асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылы басталып, 2025 жылы аяқталатын болады.

Экомониторинг жүйесін дамыту аясында 9 экопост орнатылуда, жыл соңына дейін тағы 10-ы кезең-кезеңімен жұмыс істей бастайды.

Екінші жыл қатарынан 3 жылда 1 миллион ағаш отырғызу бойынша «Жасыл Алматы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 480 мың түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Жыл соңына дейін 300 мыңнан астам жас ағаш отырғызу жоспарлануда.

Әр ағашқа электрондық паспорт жасалып, жасыл желектердің реестрі құрылды. Жүйе жалпыға қолжетімді болады.

Ағымдағы жылы біз ағаш отырғызуға және кесуге рұқсат беру процесін автоматтандырамыз.

Экологиялық мәселелер бойынша азаматтық қоғаммен өзара байланыс орнатылды. Іскерлік кеңес аясында жұмыс тобы құрылып, оның құрамына экологтар, сарапшылар және белсенділер енді.