Экология министрлігі Африкада жануарларды атып өлтіргендерді қолдаған аңшыларға не деп жауап берді

18.04.2021 18:35

Саваннада түсірілген видео қоғамда жайдан-жай резонанс тудырған жоқ

Видеодан алынған кадр

Қазақстан экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Африкада жираф пен зебраны атып өлтірген аңшылардың әрекетіне пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Экология министрлігі өкілінің айтуынша, саваннада түсірілген видео қоғамда жайдан-жай резонанс тудырған жоқ.

«Ежелгі заманнан бері адамдар тірі қалу үшін, отбасын асырау қажет болғанда жануарларды ауланған. Бірақ біз видеода көрген аңшылық немесе басқаша айтқанда ойын-сауық үшін өлтіру есі дұрыс адамдарда әрқашан тиісті реакция, яғни жиіркеніш пен жағымсыз сезімдер тудырады және тудыра береді. Бізге және біздің балаларымызға қатыгездікті насихаттау қажет емес. Былтыр Президент Каспийдегі итбалықтарды ұрып-соғуға қатысты сыни баға берді. Сондықтан еліміздің ең жоғары деңгейінде барлық тіршілік иелеріне негізсіз қатыгездік айыпталса, онда бұл барлығына назар аударуға сигнал», – деді Самал Ибраева.

Баспасөз хатшысы қоғамда осындай қатыгездік қолдау тапса, онда бұл одан да тереңірек тамыр жайып, қайтымсыз салдарға әкеп соқтыратынын атап өтті.

«Сондықтан жануарларды осындай қатыгездіктен қорғау үшін дамыған елдер жануарларды қорғау туралы заңдар қабылдауға мәжбүр. Жабайы жануарлардың популяциясын реттеу туралы айтатын болсақ, ақылды табиғат адам осы процестерге өрескел араласқанға дейін миллиондаған жылдар бойы оны өзі басқарып келеді, ол үшін барлық қажетті құралдары бар. Ия, аңшылар әрдайым болған, келісемін, бірақ олар ешқашан табиғаттан артық алған емес, тек өзінің тамағы үшін. Мұнда мүлде басқа ниетті көріп отырмыз», – деді министрліктің баспасөз хатшысы.

Самал Ибраеваның айтуынша, шамадан тыс тұтыну, ашкөздік және адамзаттың өз табиғатына қатыгездігі жануарлар мен өсімдіктер санының өте қатты азаюына әкелді.

«Дүниежүзілік табиғат қорының (WWF) «Тірі планета» есебіне сәйкес, 1970-2014 жылдар аралығында жер бетінде жабайы жануарлар - сүтқоректілер, құстар, бауырмен жорғалаушылар, қосмекенділер саны 60 пайызға азайған. Жануарлар санының азаюына негізгі себептерінің бірі - аңшылық. Адамның іс-әрекетінен табиғатта жануарлардың жаппайдың қырылу процесі басталды. Ғалымдар биологиялық түрлердің жойылу қарқыны эволюциялық табиғи көрсеткіштен 100 есе жоғары екенін есептеді. Осыған байланысты көптеген мемлекет пен мемлекеттік емес құрылым жойылып бара жатқан түрлерді құтқарумен айналыса бастады. Соның ішінде Халықаралық Қызыл кітап көмегімен», – деді ол.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев та осыған ұқсас пікірде.

«Табиғатта жануарды жануарлар өлтіргені қалыпты жағдай. Азық-түлік тізбегінде бір жануардың үстінде тұрған жануар өз түрін сақтау үшін екіншісін өлтіреді. Мен бұл азық тізбегінде адамды көрмеймін, сәйкесінше аңшылық – нағыз өлтіру, бұл үшін ол қылмыстық жауапқа тартылмайды, өйткені заңдарды өзі жазады», – деп  жазды вице-министр Facebook-те.

Теги: Африка