Парламент Сенатының депутаттары жаңа Экологиялық кодексті екі оқылымда қабылдады
Қазақстанда ағаштарды кескенлерге салынатын айыппұл көлемі 5 есеге көбейтіледі. Парламент Сенатының депутаттары жаңа Экологиялық кодексті екі оқылымда қабылдады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтің сөзінше, құжатта ең алдымен, озық халықаралық тәжірибелер ескеріліп, «ластаушы төлейді және түзейді» деген қағида енгізілді. Бұл қадамдар қандай оң өзгерістер әкелмек? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалында.
Бұдан былай қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына бюджет қаражатының кепілдендірілген көлемі белгіленеді. Ол бюджетке түсетін эмиссия үшін төленетін төлемнің 100 пайызынан кем болмауы тиіс. Мұнымен қоса, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Мәселен, ағаштарды кескені үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есеге көбейтіледі.
«Мұндай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаштарды кескені үшін жеке тұлғаларға 150 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 450 АЕК, ірі кәсіпорындарға 1500 АЕК-ке дейін айппұл салынады. Келтірілген шығын 100 АЕК-тен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Соған байланысты дүние мүлкін тәркілей отырып, айыппұл салу немесе түзету және қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ қамауға алу жазалары қарастырылған», – деді ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа, экологиялық залал орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқыда болған қалпына келтіруге міндетті.
«Ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экологиялық ахуал жақсарады. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кетерлік, осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80 пайызы тиесілі», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Депутаттар тарапынан тұрмыстық және медициналық қалдықтарды өңдеу, қайта кәдеге жарату мәселелері де көтерілді. Мұндай зауыттардың жоқтығы көрінген жерде күл-қоқыстың қордалануына әкеп соқтыратыны айтылды.
«Әлемнің барлық елдерінде қоқыстан екінші өнім шығарады. Пайдаға асырады. Одан жылу алады. Жаңа өнім алады.біздің Қазақстанда жалғыз қоқыс зауыты салынып еді бір кездері... Енді осы қоқыс зауыттарын белгілі бір типтік жобамен, белгілі бір құны бар, мөлшері бар, әрбір қалаға, қаланың тұрғындарына, оның санына ыңғайлап салып, соны бір орталықтан басқаруға болмай ма?» – деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Бұл ретте проблеманың бар екенін жауапты министр де жасырмады.
«Бізде 15 пайыз ғана қайта өндіріледі. Қалғаны полигонға апарылып, көміледі. Бұл әрине, өте төмен деңгей...Енді біздің басты мақсатымыз – жеке инвесторларды тартып, сіз айтқандай бір заманауи және типтік зауыттарды салу. Біздің елімізге неге инвесторлар келмейді? Өйткені бізде қалыптасқан тарифтердің көлемі өте төмен», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар бүгін Сенат экономикалық өсуді қалпына келтіруге қатысты құжатты Мәжіліске қайтарды. Аталған заң жобасымен Қазақстан Республикасының 85 заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілу көзделген. Оның ішінде құжатта салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу үшін бірыңғай зейнетақы жинақтау қорындағы міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен біржолғы зейнетақы төлемдеріне құқығы туралы заң жобасы бар.