Семей сынақ полигоны жерлерінде ерекше құқықтық мәртебесі бар арнайы аймақ құру жоспарланған. Бұл жайында Сенат депутатының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Сіздің бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағын қауіпсіз күйге келтіруді және оның инфрақұрылымын дамытуды іс жүзінде іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына (бұдан әрі – СЯСП/Жоспар) 2022-2023 жылдарға жер учаскелерін шаруашылық айналымға берудің нақты мерзімдерін белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізуге қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Жоспардың 6-тармағында 2030 жылға дейін жергілікті атқарушы органдарға СЯСП жерлерінің бір бөлігін шаруашылық айналымға беруді ескере отырып, оның жерлерінің және оған іргелес аумақты кешенді экологиялық зерттеу нәтижелері бойынша СЯСП шекараларын жаңарту көзделген», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, 2021 жылы бұрынғы СЯСП аумағын көпжылдық кешенді экологиялық зерттеу жұмысы аяқталды. СЯСП аумағын зерттеу радиоактивті ластанудың жергілікті сипатқа ие екендігі және бүкіл СЯСП аумағына таралмайтындығы туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді.
«Сонымен қатар СЯСП-тан тыс жерлерде де қоршаған орта объектілеріндегі радионуклидтер мөлшері деңгейінің артуы байқалатынын атап көрсету қажет. Зерттеу нәтижесінде радиоактивті заттардың ағымдағы және ықтимал таралуының негізгі жолдары мен тетіктері де анықталды. СЯСП-тың анықталған шекаралары нақты радиоактивті ластануға сәйкес келмейтінін атап өткен жөн», - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының дерегінше, Энергетика министрлігі СЯСП аумағындағы ластанған аумақтардың ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кейінгі міндеттерді шешу үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі.
Заң жобасы аясында нормативтен артық ластанған жерлерді қамтитын СЯСП жерлерінде ерекше құқықтық мәртебесі бар арнайы аймақ құру жоспарланған. Қазіргі уақытта заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында. Аталған аймақтың шекарасы мен ауданын негіздейтін материалдарға мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілгеннен кейін осы аймақтың шекаралары мен ауданы белгіленетін болады», - деді Әлихан Смайылов.
Дереккөз: ҚазАқпарат.