Алматыда жасыл желекті биологиялық өңдеу жұмыстары басталды

17.04.2023 19:45

Биыл қаладағы 2 миллионнан астам ағашқа дәрі шашу жоспарланып отыр

Almaty.tv

Алматы көшелерінде дезинфекция жасап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Экологтардың айтуынша, елде онсыз да аз еменге соңғы кезде сырттан кірген зиянкестер ауыз сала бастаған. Уақытылы қарамасаң олар жапыраққа жұмыртқалап, тұқымын көбейтіп алады. Дер кезінде емдемесе, шыбын-шіркейдің саны өсіп, өсімдік індетіне әкеледі.

«Емен үңгі егеушісі деген зиянкес пайда болды. Соңғы 5-6 жылда көп зиянын келтіріп жатыр. Одан бөлек, қалада 30-дан астам зиянкес бар. Жапырақширатқыш, мүйізтұмсық дегендей 5-6 түрі кездеседі. Енді оларға қарсы биологиялық 4 кезеңді өңдеу жұмысы басталды», – деді  Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев.

Ағаштарды дәрілеу жұмыстары күзге дейін жалғасады және Алматының барлық жерінде жүргізіледі. Әкімдік өкілінің айтуынша, 8 ауданда 8 мердігер бар. Олар жасыл желектерді түнгі уақытта ғана дезинфекциялайды.

«Өңдеу жұмыстары түнгі уақытта жүргізіледі. Өйткені дәрі түнде ғана әсер етеді. Күндіз күннің әсерінен күші болмайды», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырза.

Мамандар қазір отандық дәрілерді қолданып жатыр. Жауаптылардың сөзіне сенсек, одан адамға қауіп жоқ. Сеуіп жүрген дәрілерді ел аумағында қолдануға рұқсат бар. Олар тамақты қышытпайды, басты ауыртпайды екен. Табиғат жанашырлары биыл қаладағы 2 миллионнан астам ағашқа дәрі шашуды жоспарлап отыр.

Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы