Елімізде ауасы шектен тыс ластанған қалалар аталды

04.11.2021 19:56

Сондай-ақ 3 мыңнан астам қоқыс полигонының 20 пайызы ғана нормаға сай екені белгілі болды

Almaty.tv

Еліміздегі 10 қалада ауа шектен тыс ластанған. Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның дерегінше, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалаларының ауасы жоғары деңгейде ластанған.  

«Жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы және көмірді пайдалану жоғары ластануы себеп болып жатады. Жерүсті сулары ластануының негізгі себебі – кәріздік-тазарту құрылыс жайларының тозуы болып отыр. Қалдықтармен жұмыс істеу саласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және стихиялық үйінділер проблемалары өзекті болып тұр», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 3 мыңнан астам қоқыс полигонының 20 пайызы ғана нормаға сай дейді. Бұл мәселе Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында өте өзекті. Түйткілдің түйінін тарқату үшін 6 қалада қоқыс жағатын зауыттар салынбақ.  

«Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқарту үшін заңнамалық деңгейде «Waste to Energy» тетігі енгізілді. Қоқыс жағатын зауыттар салу үшін 6 қала анықталды. Алғашқы аукциондық сауда-саттық өткізілді. Инвестор анықталды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Жеке инвестициялар 292 млрд теңгені құрайды. Өз кезегінде, мемлекет қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Теги: қала қоқыс