Қазақстанда агросақтандыру деңгейі өте төмен – депутат

16.06.2022 20:10

Ол өткен жылы еліміздегі бүкіл егістік алқабының 1%-ға жетпейтін көлемі ғана сақтандырылғанын атап өтті

Фото: ашық дереккөзден

Сенат депутаты Ольга Булавкина Қазақстандағы агросақтандырудың дамуын тежейтін факторларды атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Депутат өткен жылы еліміздегі бүкіл егістік алқабының 1%-ға жетпейтін көлемі ғана сақтандырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанға қарағанда климаттық қауіп-қатер әлдеқайда төмен болса да Еуропалық Одақ елдерінде ауыл шаруашылығы алаңдарының 60%-дан астамы сақтандыру арқылы қорғалады. 

«Елімізде агросақтандыруға сұраныстың төмен болуының негізгі себептерінің бірі – мемлекеттік қолдау көлемінің аздығы мен сақтандыру өнімдерін пайдалану мәдениетінің жоқтығы деп ойлаймын. Бүгінде Қазақстанда мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін сақтандыру сыйақысының 50%-ына ғана субсидия береді. Агросекторы дамыған елдерде оның мөлшері 60%-дан 95%-ға дейін ауытқып отырады», деді депутат Сенаттың жалпы отырысында. 

Ольга Булавкина сақтандыру мөлшеріне қатысты жоғары деңгейде субсидиялаудың аса маңызды екенін айтып, өткен жылы еліміздегі құрғақшылықтан Қостанай және Ақмола облыстарындағы 178 мың гектарға жуық дәнді дақылдар күйіп кеткенін мысалға келтірді. Бұл ретте өз егістіктерін сақтандырған жекелеген шаруалар ғана сақтандыру төлемдерін алған болатын. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев сақтандыру мәселесінің расында да өзекті болып отырғанын, сақтандыру тәжірибесі кең тарамағанын айтты. 

«Сондықтан біз Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспарына сақтандыру сыйақыларын субсидиялау нормативін 60-тан 80 пайызға дейін ұлғайту ұсынысын енгіздік, барлық қажетті материалдарды Қаржы министрлігіне жібердік. Сондықтан біз жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы малын сақтандыруды қолданамыз және келер жылы егін шаруашылығында 80 пайыз іске асырылады деп ойлаймыз. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, субсидиялау мен сақтандыру сыйақыларының жоғары пайызы да сақтандырудың кеңінен таралуына кепіл болмайды. Сол батыс елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, егін мен ауыл шаруашылығын сақтандыруды мемлекеттік қолдау шараларының басқа түрлерін алу үшін қажетті шарттардың бірі ретінде қолдану қажет», деді Е. Қарашөкеев.