Елімізде экологиялық заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі

egemen.kz
egemen.kz
Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерді ластағандарға салынатын айыппұл көлемі ұлғаяды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде экологиялық заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Мәжіліс депутаттары «Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Заңнамаға енгізілетін жаңа нормалар ұлттық табиғи байлықты, бірегей экожүйелерді, құрып кету қаупі бар жануарларды және олар мекендейтін жерлерді сақтауды көздейді. Аталған заң жобасында жер қойнауын өз бетінше пайдаланғандарды 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру да көзделген.

«Қылмыстық кодекстің «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану»  деген 334-бабында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және жер қойнауын заңсыз өндіруге жол бермеу мақсатында 1-бөлігі «қылмыстық теріс қылық» санатынан «қылмысқа» ауыстырылып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны енгізу арқылы санкция күшейтіледі. Осы баптың 2-бөлігінің санкциясы да 3-4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қатаңдату арқылы өзгертілді», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Сонымен қатар Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерді ластағандарға салынатын айыппұл көлемі ұлғаяды. Ал заң жобасында заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұл мөлшері керісінше азайтылған.

«Заңсыз ағаш кесудің тұрақты динамикасын ескере отырып, заң жобасында мынадай көрсеткішті төмендету ұсынылады. Елеулі залал 100-ден 50 АЕК-ке дейін, ірі залал 1000-нан 500 АЕК-ке дейін азайтылмақ. Ал аса ірі залал көрсеткіші өзгеріссіз қалады», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Новости партнеров