Алматыда экологтар Наурызбай көшесіндегі жөндеу жұмыстары кезінде бірқатар заңбұзушылықты анықтады

22.08.2020 03:32

Қала бойынша тозығы жеткен 120 шақырым электр желісі жаңартылуда

almaty.tv

Алматы көшелерінің бірінде жөндеу жұмыстарының кесірінен ағаш түптері зақымдалған. Ал енді бір аулада құрылыс техникасы жасыл-желектің астаң-кестеңін шығарыпты. «Таза Қазақстан» жобасы аясында жүргізілген кезекті тексеріс барысында эколог мамандар тағы қандай олқылықтардың бетін ашты? Табиғат жанашырларының жанайқайын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жеткізсін.

Эколог мамандары Наурызбай көшесіндегі жөндеу жұмыстары кезінде бірқатар заңбұзушылықты  анықтады. Электр кабельдерін ауыстыру барысында шаһарға сән беріп тұрған мына ағаштардың тамырларына зақым келген. Сондай-ақ, құрылыстан қалған қалдықтар көше бойын жайлап жатыр.

Қала бойынша тозығы жеткен 120 шақырым электр желісі жаңартылуда. Алайда ауаға көтерілген шаңға байланысты тұрғындардан арыз-шағым көбейіп кеткен. Олардың айтуынша жол бойындағы құрылыс қалдықтары уақытылы алынбайды. Онымен қоса, экологтар көше жиегін бойлай өскен емен, қаратал сияқты ағаштардың тамыры қазба жұмыстарынан зардап шеккенін анықтады. Енді зақым келген аймақтың зардап шығыны есептелгеннен кейін жауапты мекеме басшысына айыппұл салынады.

«Талдың тамырларына зиян келтіргені үшін 30 АЕК салынуы керек. Басқа да өздерінің міндетін орындамағаны үшін, жаңағыдай жиналған топырақтар, ар жағында көрініп тұрған кірпіштер. Сол бойынша тазалық нормативті актісін сақтамағаны үшін жеке кәсіпкерлікке 505-бап бойынша оған да 30 АЕК салынады», – деді Алмалы ауданы ішкі істер басқармасы табиғатты қорғау бөлімінің полиция майоры Бағдат Қалыбаев.

Қала аулаларының бірінде де жылу құбырын ауыстыру кезінде жасыл-желекке қиянат жасалған. Құрылыс барысында мұндағы ағаштар техника көлігімен тапталған. Нәтижесінде, көк майсаның көркі қалмапты. Мамандардың айтуынша бұл алаңда өсімдіктердің тамыр жаймай қалуы да мүмкін. Тұрғындар тас төселген жерге енді жасыл желек шықпай қала ма деп алаңдаулы.

«Осы үйдің тұрғынымыз. Жақында аулада қазба жұмыстары жүргізілген еді. Жылу құбырлары ауыстырды. Құрылыс жұмыстары кезінде ағаштар мен басқа да өсімдіктер жапа шекті. Орнына тас араласқан құнарсыз топырақ төселген. Енді мұнда өсімдіктер шыға ма, белгісіз», – деді қала тұрғыны Павел Сытников.

Экологтар мен тұрғындардың шағымымен оқиға орнына мердігерлік ұйымның өкілі шақыртылды. Құрылыс компаниясы онда құнарлы топырақ төсеп барлығын қайта қалпына келтіруге уәде беріп отыр.

«Тапсырыс беруші Ұйғыр театры. Құрылыс жүргізген кезімізде техниканың ағаштарға тиіп кетіп, ағаштарды кішкене сындырып кеттік. Енді барлығын орнына қойып, барлығын жасаймыз. Тұрғындардан кешірім сұраймыз енді», – деді мердігерлік ұйымның өкілі Махаббат Әлімов.

24 шілдеден бастап қолға алынған «Таза Қазақстан» табиғатты қорғау жобасы аясында еліміздің барлық аймақтарында эколог мамандарымен рейд жұмыстары жүргізілуде. Бір ғана Алмалы ауданында осы уақытқа дейін қоршаған ортаға зиян келтірген 1600-ден астам жеке тұлғаға хаттама толтырылған. Оның ішінде заңсыз орындарға қоқыс тастаған 830 азамат жауапкершілікке тартылды.

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы