Жобаның құрылысы үшін индустриялды аймақтан жер де бөлінген
Ақтөбеде қоқысты өңдеу үшін экзотикалық шыбындар қолданылатын болды. Құны 700 миллион теңге болатын бірегей жоба Ақтөбе индустриялық аймағында іске қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл - тропикалық эндемикалық шыбынның дернәсілдері. Одан жем өндіруге қажетті арнайы липид-ақуыз жиынтығы алынады. Кәсіпкердің айтуынша, қалдық өңдеуде бұл технологияның еш зияны жоқ.
«Барлығы табиғи ресурсқа негізделген. Шыбындарды өндіріске қолданып көрейік дедік. Бұл үшін дернәсілін дамытуға арналған жәндікжай салдық. Кәдімгі масахана секілді. Бірақ шыбыннан қорғану үшін емес, керісінше оны көбейтуге жағдай жасаймыз», – деді кәсіпкер Бекежан Кайырғалиев
Кәсіпкердің айтуынша, биыл олар Қазақстанда тамақ қалдықтарын өнеркәсіптік өңдеу үшін алғаш патент алған. Жобаның құрылысы үшін Ақтөбедегі индустриялды аймақтан жер де бөлінген. Өтінім беруден бастап нысан іске қосылғанша «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қолдау көрсетпек.
«Өте қызықты жоба, олар үшін 3 гектар жер телімі бөлінді, осы жылдың қыркүйек айында жобаны іске қосуға, пайдалануға беруге дайын. Өндіріс құрама жем өндіреді, тек Қазақстан ғана емес, экспортқа шығару да көзделген», – деді «Ақтөбе» ӘКК активтер және инвестициялар департаментінің директоры Сауле Нұртаева.
Жәндіктерден бір тонна ақуыз алу үшін полигондардағы азық-түлік қалдықтарының шамамен 7 тоннасын қайта өңдеу қажет екен. Сондықтан мұндай эко-жобалар азық-түлік қалдықтарын ғана емес, полигонға заңсыз шығарылып жатқан ет комбинаттарының қалдығын да жоюға сеп болмақ.
«Контейнердегі қоқыстың басым бөлігін тамақ қалдықтары құрайды. Тұрғын үйлерді былай қойғанда, әсіресе тамақтану орындарындағы қалдықтар тағы бар. Бұл дегеніміз - пайдалы шикізатқа айналатын азық-түлік қалдықтарының үлкен мөлшері. Өте дұрыс жоба, мұндай өндіріс орындары ел көлемінде кеңеюі керек», – деді эко- кеңесші Айман Сексенова
Осылайша кәсіпкер ақтөбеліктерді жауыр қылған қоқыс мәселесінен түбегейлі құтқаруды көздеп отыр. Экономикаға ғана емес, экологияға да залал келтіріп отырған ысырапшылдықтың алдын алу үшін азық-түлік қалдығын көп шығаратын әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тамақтану орындарымен әріптестік орнатпақ.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбеден