Елімізде жер қойнауын пайдаланушы мен мемлекеттік органдарды байланыстыратын платформа іске қосылады

19.07.2022 20:41

Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі мәлімдеді

Almaty.tv

Елімізде жер қойнауын пайдаланушы мен мемлекеттік органдарды байланыстыратын платформа іске қосылады. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, цифрландыру жүйесін енгізу былтыр жоспарланған. Саланың әзірлігі шала болып кейінге қалдырылған. Қазір Цифрлық даму министрлігімен бірге жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін тестілік режимде бірқатар компонент іске қосылады деді министр. Сондай-ақ инвесторлардың геологиялық ақпаратқа ашық қол жеткізуі үшін ұлттық геологиялық қызмет құрылған.

«Бұл ведомствоаралық платформа, ол жер қойнауын пайдаланушы мен мемлекеттік органдарды байланыстыруы тиіс. Өкінішке қарай, жұмыс 2019 жылдан бастап қаржы бекіту, мердігер компанияны таңдау бойынша ұзақ рәсімделіп, кейінге қалдырылды. Қазір құрылып жатқан Kaznedra жер қойнауын пайдалану бірыңғай платформасы шеңберінде осы ақпараттық жүйені одан әрі іске асыру туралы шешім қабылданып отыр», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.