Браконьерлермен күрес: ақбөкендер көп шоғырланған аймақта блокбекет орнатылады

©zhaikpress.kz
©zhaikpress.kz
Әлемдегі киіктің 97 пайызы Қазақстан аумағын мекендейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда браконьерлермен күрес күшейді. Еліміздің ақбөкендер көп шоғырланған бірнеше аймағында ертеңнен бастап блокбекет орнатылады. Тәртіп сақшылары және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қорық маңынан өткен көліктің барлығын тексереді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарлы боранға, нөсер жауынға, күннің ыстығына қарамай жауапты инспекторлардың жұмысы сәуірден мамырға дейін күшейе түседі. Өйткені жыл сайын киіктер төлдейтін уақытта табиғатты қорғау науқаны өтеді. Оның басты мақсаты – жойылып кету қаупі бар жануарларды қорғау және нақты санын анықтау.

«Кең ауқымды табиғатты қорғау «Киік» акциясы жылына 2 рет өтеді. Акция 15 сәуірден бастап 15 мамырға дейін және 1 желтоқсаннан бастап 5-6 қаңтарға дейін өтеді. Акцияға 200-ден астам инспектор қатысады. БҚО, Ақтөбе және Қызылорда облысында блокбекет қойылады», – деді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ресми өкілі Мадияр Имашев.

Әлемдегі киіктің 97 пайызы Қазақстан аумағын, ал қалған 3 пайызы Ресей, Моңғолия және Өзбекстанды мекендейді. Бұл туралы «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің инспекторы мәлімдеді. Олар өткен жылы браконьерге қатысты 38 дерек анықтаған. Заңсыз атылған 125 киіктің өлексесі және 12 мыңнан астам мүйіз тәркіленді. Қуантарлығы, браконьерлік жыл сайын азайып келеді. Бұл – инспекторлардың күндіз-түні тынбай еткен еңбегінің жемісі.

«Көлікте автокамера бар, видеожетон және планшетпен қамтылған. Қазақстан 22 аумаққа бөлінген. Әрбір 15 күнде 22 топ жүреді, сонымен қатар шұғыл әрекет ететін топ бар. «Киік» науқаны басталғанда 40 топ жұмысқа кіріседі», – деді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ресми өкілі Мадияр Имашев.

Былтыр санақ бойынша, елімізде 1 миллион 300 мыңнан аса киік тіркелген. Жуық арада ақбөкендерді жерден және әуеден барлау арқылы санау жұмысы басталады. Мамандардың болжамы бойынша,  биыл дала еркелерінің саны көбейеді.

Еске сала кетейік, елімізде браконьерлерге заң қатал. Киіктерді заңсыз аулағаны, ұстағаны, сатқаны, сатып алғаны және тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, айыппұл арқалап, мүлкі тәркіленіп, тіпті 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров