«Жасыл мектеп»: Алматыда оқушылар 1,5 мың тонна қалдықты қайта өңдеуге тапсырған

Almaty.tv
Almaty.tv
Науқанға қаладағы 11 мектептен 40-қа жуық оқушы қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жыл сайын 4,5 млн тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Соның шамамен небәрі 25 пайызы ғана қайта өңделеді десек, қалғаны қоқыс полигондарының аумағын кеңейтіп отыр. Себебі сұрыптау кәсіпорындары барлық аймақта жоқ. Бұл жайында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2030 жылға дейін қайта өңделетін қалдықтардың үлесін 40 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ал Алматы тұрғындары 1 жыл ішінде 460 мың тоннаға жуық қоқыс тастайды екен. Оларды сұрыптайтын Алатау ауданындағы ең үлкен зауыт тәулігіне қанша тонна қалдықты қайта өңдеуге қауқарлы? 

Жылына 550 мың тонна қоқысты сұрыптап, өңдеуге қуаты жететін зауыт тәулігіне 1200 тонна тұрмыстық қалдық қабылдайды. Мекеме Алатау ауданында орналасқан. 200-ден аса қызметкер жұмыс істейтін зауыт қала қоқысының 75 пайызын қамтиды. Ол үлкен 3 бөліктен тұрады. Біріншісі - қабылдау бөлімі, онда керексіз заттар жиналады. Әрі қарай қоқыс сұрыпталып, сығымдалу үшін екінші бөлікке түседі. Соңғысы – қойма. Ал өңдеуге жарамайтын азық-түлік, құрылыс материалдары, ағаш бұтақтары мен техника сияқты қалдықтар бөлек шығарылып тасталады.

Оқу жылы басталғалы алматылық оқушылар дәл осы зауытқа 1,5 мың тонна қалдықты қайта өңдеуге тапсырған. Іс-шара қала әкімдігі мұрындық болған «Жасыл мектеп» акциясы аясында жүзеге асты. Аталмыш жоба білім ошақтарының ішінде эко-белсенділер тобын құруға бағытталған. Ұйымдастырушылар сол арқылы мектептер эко-хабқа айналуы мүмкін дейді.

– Мақсатымыз – өскелең ұрпаққа экологиялық өмір салтын түсіндіру, әлеуметтік ағарту жұмыстарымен айналысу. Қарапайым қадаммен қоршаған ортаны қалай қорғауға болатынын түсіндіріп, дәрістер өткіздік, – деді жоба ұйымдастырушысы Ерасыл Әшімбай

«Жасыл мектеп» жобасы былтыр бастау алған. Биыл бұл науқанға қаладағы 11 мектептен 40-қа жуық оқушы қатысып, белсенділігі үшін көзге түсіп те үлгерді. Олар оқу жылы барысында өзара эко-фестивальдер өткізіп, тақырып аясында ютуб-арналарын құрды.

– Біз мектепте түрлі экобокстар өткіздік. Сол арқылы білім алып, экологиялық мәдениетімізді дамыттық, – деді оқушы Кәмилә Өмірзақ

Жоба келесі оқу жылынан бастап ауқымын кеңейтпек. Алматылық білім ошақтарының 100 пайызын қамту – жоба ұйымдастырушыларының мақсаты. Табиғат жанашырларының айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мектептен басталады.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров