Осыдан бірнеше ай бұрын, арнамыздан қарақұйрықтың лағын асырап алып, сол үшін істі бола жаздаған Алматы облысының тұрғыны туралы баяндаған едік. Біздің репортаждан кейін, малшы, керісінше марапатталып, ал бағалы аңның лағы Алматы зообағына аман-есен жеткізілген болатын. Тек жақын күндері ондағы жануарлардың саны 162-ге өскен. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын қалалық зообаққа қарақұйрықтың әкелінгені туралы телеарнамыздан көрсетілген еді. Қазір дала жануары бұрыңғы кезіне ұқсамайды. Хайуанаттар бағының қызметкерлері оған - Қарақат деген есім беріпті. Дала жануарының адамдарға бауыр басқаны соншалық – өзін тамақтандыратын жанды ерекше жақсы көреді.
Қарақаттың салмағы мұнда келгенде небәрі 10 келі болатын. Аз уақыттың ішінде 25 келіге толысқан. Ал бойы 65 см. Зообақ қызметкерлері алдағы уақытта қарақұйрықтың аталық түрін де алуды жоспарлап отыр. Тұяқтылар бөлімі үшін 2020 ерекше жыл болыпты. Себебі зообақтағы киелі жануарлардың төлдері 20-ға жеткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп, дейді мамандар.
«Біздегі мал дәрігерлерінің қарауында. Уақытында екпесі, дәрумендері беріліп тұрады. Қазіргі жағдайда үлкен қоршауда өмір сүріп жатыр», – деді тұяқтылар бөлімінің меңгерушісі Балабек Махатов.
Қазіргі таңда Қарақаттың жағдайы өте жақсы. Көріп тұрғандарыңыздай күніне үш мезгіл тамақ ішеді. Әсіресе, алма, сәбіз жегенді ұнатады.
Зообақта жануар мен аң-құстың саны өткен жылдармен салыстырғанда рекордты көрсеткішке жеткен. 2019 жылы 80-ге жуық мақұлық болса, 2020 жылы 162 болған.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы