Елімізде ауаны ластайтын зиянды заттар 9 пайыз азаяды

23.08.2022 21:25

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыруға 89,3 млрд теңге бөлініпті

ratel.kz

Елімізде алдағы 8 жылда ауаны ластайтын зиянды заттар 9 пайыз азаяды. Біз тыныстайтын оттегін қалыпқа келтіру жұмыстары 10 ірі қалада жүзеге асырылмақ. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауаны улайтын аймақтар көшін қазір Алматы бастап тұр. Мұндағы көлік қозғалысының көптігі, кәсіпорындағы зиянды қалдықтар экологиялық ахуалды ушықтырып келеді. Түйткілдің түйінін министрлік көгілдір отын арқылы шешпек. Ол үшін алдағы 3 жыл ішінде қалада екінші жылу электр ортылығын газға ауыстыру жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, ауаны ластағыш заттардың көлемін едәуір төмендетуге көмектеседі.

«Алматы ЖЭО-2-де газға көшу жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылға қарай ластаушы заттың шығарындыларын 80%-ға азайтады. Жалпы кәсіпорын бойынша 2025 жылға дейін 30%-ға дейін төмендейді деп болжап отырмыз», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Атырау аймағының ахуалы да көңіл көншітпей тұр. Ақжайықты жайлаған жұрт таза ауаға мұқтаж, өйткені мұнда мұнай мен көгілдір отын өндіретін кәсіпорын көп. Министр бұл жақтағы жағдайдың да шешімін қарастырыпты.

«Атырау мұнай өңдеу зауытында түтін газын католикалық крекингтен тазарту және қондырғылардағы отын газын аминмен өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 3,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы 2030 жылға қарай 9,1%-ға қысқарту жоспарланып отыр», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Елімізде 45 өнеркәсіптік және 10 ірі қала ауаның ластануының жоғары деңгейіне жетіпті. Бұл аймақтарда оттегі құрамынан қатерлі химиялық элементтер көп мөлшерде табылған. Министрлік ақпарынша, жыл сайын ауаға 2,5 миллион тоннадай зиянды зат шығарылады екен.

«Жалпы республика бойынша осы жылдың бірінші жартыжылдығында ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі 0,9 млн тонна.  Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 18 пайыз төмен. Республикалық қалаларда ауаның ластануы 3 санатқа бөлінеді. Барлық өңірде экологиялық мәселелерді шешу жолын қарадық. Талқылау бойынша 16 жол картасы әзірленіп, 485 шара көзделген», – деді ҚР ЭГТРМ комитет төрағасы Зұлфұхар Жолдасов.

Экология министрінің айтуынша, 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын 5 жыл ішінде зиянды заттарды 20 пайыз азайтады деп күтіліп отыр. Бұл ретте «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыруға 89,3 млрд теңге бөлініпті.

Қазір елдегі 4,5 миллионнан астам көлік құралының тек 8 пайызы ғана газбен жүреді екен. Сала мамандарының айтуынша, көрсеткіш – табиғатты зиянды қалдықтардан қорғау үшін өте аз. Көлік қозғалысының көптігінен халық түтінге тұншығып қалып жатыр. Олар да көгілдір отынға көшпейінше, деміккен жұрттың демі ашылмайды.

Камшат Мухамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан