Жаңа жыл қарсаңында шыршаларды заңсыз кесу тыйылмай тұр. Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында жазаның қатаңдағанына қарамастан, жыл басынан бері 224 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркелгенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, бірнеше күндік қызыққа бола, ормандарға зиян келтіріп, өсіп тұрған ағашты қырқу ата дәстүрімізде болмаған.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Ресейден алып келіп, ресми тіркелген шыршалардың саны 78 мыңды құрайды. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің берген ақпаратында 106 мың дана делінген. Осыдан кейін орынды сұрақ туындайды. Импорттық ағаш деп көрсетіліп, өзімізде заңсыз кесілген ағаштар сатылып жатқан жоқ па?» – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.
Сонымен қатар, Сенат Жамбылда минералдық тыңайтқыш зауытын салу туралы келісімді ратификациялады. Жобаны «Еврохимгрупп» трансұлттық компаниясының еншілес кәсіпорыны - Ресейдің «Еврохим» компаниясы іске асырады. Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Тау-кен кешені пайдалануға беріліп, оның базасында жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіру жолға қойылған.
«Қуаты жылына 640 мың тонна орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынды. Инвестиция сомасы 126 млн доллар болды. Қазіргі таңда 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Екінші кезең өндіріс қуаты жылына кемінде 1 млн тонна болатын минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіру жөніндегі химиялық инновациялық кешен салуға бағытталған», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.