Алматыда 98 жастағы әжейге бірегей ота жасалды

Алматыда 98 жастағы әжейге бірегей ота жасалды
Кейуананың сүйегін салып, буындарын біріктіріп, бірнеше күнде аяқтан тұрғызған дәрігерлер күні кеше науқасты үйіне шығарып салды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 98 жастағы әжейге бірегей ота жасалды. Тізе буынын тілмей операция жасауға мүмкіндік беретін жаңа аппараттың көмегімен ол №4 қалалық клиникалық ауруханасынан үйіне шығарылды. Нанотехнологияның мүмкіндіктері сапалы камералар арқылы буын мен қан тамырларының ішіндегі ақауды анықтап, қысқа уақытта науқасты емдеп шығаруға септеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда күрделі отаны күретамырға дәрі жіберіп, науқасты толық ұйықтатпай-ақ, жарты сағатта жасауға болады дейді дәрігерлер. Бұған озық үлгідегі хайтектер жол ашып отырғанын айтады мамандар.

«Біздің бөлімге науқас жоспарлы түрде түсті. Қазір отаға дайындап жатырмыз», – дейді №4 қалалық клиникалық ауруханасының ортохирургия бөлімінің дәрігері Әділбек Сүмбембаев.

Білікті мамандармен тың технологияның үйлесімі 98 жастағы қарт кісінің де отасының сәтті өтуіне ықпал жасады. Кейуананың сүйегін салып, буындарын біріктіріп, бірнеше күнде аяқтан тұрғызған дәрігерлер күні кеше науқасты үйіне шығарып салды.

«Анамызды ота жасап болғаннан кейін, келесі күні отырғызды. Кейін жүргізіп көрді. Өткен аптада ауруханаға жатып, бүгін міне, үйге шыққалы отыр», – дейді тұрғын Рысбай Есенсариев.

Жеті құрсақ көтеріп, 27 немересіне, 63 шөбересіне, 1 неменесіне асыққан қарт әжейдің жағдайы жақсарып қалыпты. Батасын беріп, алғысын жаудырып жатыр.

«Далада кешкі уақытта құлап қалдым. Тұруға шама келмей қалды. Аяғым қазір ауырмайды, бірақ сыздайды», – дейді Түркістан облысының тұрғыны Сәндігүл Шойтанова.

Ал дәрігерлер қарт кісілердің ота жасатуы сирек деп отыр. Оның үстіне, ек-үш күнде аяқтан тұрып, жүріп кетуі де некен-саяқ дейді. Мұндай нәтижеге жаңа үлгідегі технологияның арқасында қол жеткізілді.

«23 күні бипаральді эндопротездеу жалпы наркозбен жасалып, бүгін шығуға дайындалып жатыр. 98 жаста қарт адам болса да, бұған дейін, яғни ота алдында өзі тұрып, өзі жүріп жүргеннен кейін осындай операция жасалуы керек деп ұйғардық», – дейді №4 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері Бауыржан Нұралиев.

Күрделі оталарды күттірмей жасауға тырысамыз деген №4 клиникалық аурухана базасы жыл сайын жаңа технологиялармен толығып келеді. Биылдың өзінде Тәуелсіздік мерекесі қарасаңында Алматы қаласы әкімдігі көпфункциалды қан-тамыр жүйесін реттейтін «Хакома» құрылғысын алып берген екен. Мамандардың айтуынша, қала бойынша бұл құрылғы санаулы жерде ғана қолданылып келеді. Сонымен қатар науқастың жіңішке тамырларын, буын бөлшектерін, саусақ сіңірлерін жылдам қалпына келтіруге көмек береді.

Әлібек Шынтемір Сағынтай Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров