Алматыда қазақ киносының өкілдері тал екті

05.05.2022 21:42

Іс-шараға отандық фильмнің ардагері Асанәлі Әшімов қатысты

Almaty.tv

Бүгін қазақ киносының өкілдері «Қазақфильм» киностудиясының аумағында тал егіп, акция өткізді. Іс-шараға отандық фильмнің ардагері Асанәлі Әшімов бастаған майталмандар мен аталған саланың жас мамандары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Өз заманында Шәкен Айманов бастаған бұл істі жалғастыру – әрқайсымыздың адами борышымыз  дейді жиналғандар.

«Ағаш еккеніміз жалпы үлкен сауап қой. Ертең жеміс ағашы болса, оның әрбір жемісін жеген сайын, еккен адамға сауап жазылады. Ал көлеңкесінде аптығын басып, демалады», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер Әділ Ахметов.

«Бұл –  өте бір ұлағатты іс. Кейінгі ұрпақ үлгі алады. Сондықтан, сол өнерпаздарды бағалап жатқан киностудияның басшысы Ақан Сатаевтан бастап, барлық ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Еліміз аман болсын, заман тыныш болсын», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер Болат Әбділманов.

Акцияны өткізуге «Қазақфильм» киностудиясының басшылығымен қатар  жастар ұйымы ниет білдірген. Олар бүгінгі іс-шараға 80 түп көшет әкелді. Ізгі іске атсалысуды абырой санаған жастар мұндай акция әлі де жалғасады деп сенеді.

«10 үйеңкі, 10 емен, 10 сирень, 10 павлонья және 30 алма ағашын әкелдік. Қазақта жақсы сөз бар ғой: «1 жылдығын ойлаған халық бидай егеді, 100 жылдығын ойлаған халық ағаш отырғызады, ал 1000 жылдығын ойлаған халық білімді ұрпақ тәрбиелейді»,– деді   «Bugin Association» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Қызайбай