Ғалымдар жүргізген зерттеу көрсеткендей, климаттың жаһандық өзгеруінен жыл құстарының ұшу бағыты мен мерзімі ауысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Дүниежүзілік жыл құстары күні жыл сайын 14 мамырда құстардың мекендейтін жерін қорғау туралы халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында атап өтіледі.
Дүниежүзіндегі миллиондаған құстар жыл бойы қоныс аударып, мұхиттар мен континенттерді аралап, тамақ пен жайлы тіршілік ету ортасын іздейді. Құстардың барлық түрінің шамамен 40 пайызы (кем дегенде 4000 түрі) үнемі қоныс аударады.
Ғалымдар жүргізген зерттеулер жаһандық жылыну миллиондаған тіршілік иесіне, соның ішінде қоныс аударатын құстарға зиян келтіретінін көрсетті. Бұл жағдайда қоныс аударатын құстардың тіршілігі су экожүйелерімен байланысты. Қоршаған ортаның ластануы және таза су көлемінің төмендеуі сияқты көптеген басқа факторлар құстарға зиян келтіріп жатыр.
Nature Climate Change журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, температура көтерілген сайын көктем мезгілі әдеттегіден ертерек келеді, сондықтан қоныс аударатын құстар көбінесе ұшып келуді әдеттегіден ертерек бастауға мәжбүр болады.
Мысалы, құстардың кейбір түрлері соңғы 50 жылмен салыстырғанда шамамен бір апта бұрын қоныс аудара бастады. Ал кейбір түрлері басқалармен салыстырғанда климаттың өзгеруіне бейімделе алмайды, сондықтан олар қалыпты көбею мүмкіндігін жіберіп алады.
Ауа райының кенеттен өзгеруі күзде оңтүстікке қоныс аударатын құстарға қауіп төндіреді. Климаттың өзгеруіне байланысты ұшып келу кезеңі ұзарып, күздің соңына жақындайды. Кенеттен күннің суып кетуінен бұл құстар қырылып та қалады.
Қоныс аударатын құстар бағытын өзгертсе, олар баратын жерлерде өсімдіктердің жаңа түрлері пайда болады.