|
28.03.2021 | 17:01
347

Петропавл қаласы «Жер сағаты» акциясына қатысты

Петропавлда «Жер сағаты» акциясына дәстүрлі түрде қатысатындардың бірі – Солтүстік Қазақстан университеті

Петропавл қаласы «Жер сағаты» акциясына қатысты liter.kz

Петропавлда халықаралық «Жер сағаты» акциясына бірнеше кәсіпорын, мекемелер мен оқу орындары қатысып, бір сағатқа 20.30-дан 21.30-ға дейін электр қуатын ажыратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Дүниежүзілік «Жабайы табиғат» қоры ұйымдастырған «Жер сағаты» халықаралық акциясы биыл да Петропавлда қолдау тапты. Бір сағатқа электр қуатынан бас тартатын дәстүрлі іс-шараның мақсаты жұрт назарын экология мәселесіне аударту. 

«Жер сағаты» акциясы 2007 жылы алғаш рет Австралияда өткізілді. Қазір бұл іс-шараны әлем елдері қолдайды. Петропавлда біз тұрғындарды, кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелерді белсенді қатысуға шақырамыз. Бір сағатқа электр қуатынан бас тарту арқылы қоғамның назарын экология мәселесіне аударамыз», дейді СҚО бойынша «Адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Руслан Асаубаев. 

Петропавлда «Жер сағаты» акциясына дәстүрлі түрде қатысатындардың бірі – Солтүстік Қазақстан университеті. Қашанда игі істердің басында жүретін жастар бұл жолы да үн қосты. 

«Біз де «Жер сағаты» акциясына қатысып жатырмыз. Барлық студенттер өз үйлерінде, жатақханаларда бір сағатқа электр жарығын, электр қондырғыларын өшіреді. Бұл уақытты қызықты өткізіп, гитарада немесе ойындар ойнауға болады», дейді СҚУ-дің география-экология кафедрасының студенті Ерлан Әбдірахманов. 

Петропавлда экологиялық іс-шараға орай шағын аудандарда көше жарықтандыруы біртіндеп сөндірілді. 

«Жұмысшы кентінен бастадық. Кейін Береке, Солнечный, Заречный, Хромзауыт, 19-шы, 20-шы, Ойқала, Зайсан ықшам аудандарында сөндірілді. Акцияға Петропавл әкімдігі қосылды, қаланың көрнекі жерлерінің жарықтандырылуы өшірілді. «Қызылжар Су» және «Радуга» ЖШС қосылды. Олар былтыр да бұл іс-шараға қолдау білдірген еді», дейді СҚО эко-амбассадоры Азат Жұмағұл. 

«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпорын электр қуатын тоқтаусыз өндіреді. Сол себепті бұл акцияға орай ешкімді де электр қуатынан ажырата алмайды. Тұтынушылар тек өздігінен экологиялық акцияға қосылып, пәтерлеріндегі жарықты уақытша өшіре алады.


Bólisý


Жаңалықтарды қалт жібермеңіз!