Алматыда жаһандық сенбілік өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Оған қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарамайтын жастар мен түрлі ұйым өкілінен құрылған 200-ге жуық адам қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ». Халық даналығын арқау еткен белсенділер демалыс күні Алматыда жаһандық сенбілік жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Тұрақты жол» деп аталған экологиялық науқан Маяк шағынауданында ұйымдастырылды. Оған қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарамайтын жастар мен түрлі ұйым өкілінен құрылған 200-ге жуық адам қатысты.

Таң атысымен тұмса табиғаттың тазалығын ойлап келгендер Түрксіб ауданындағы Маяк шағынауданында бас қосты. Жасы да, аға буын өкілдері, 200-ге тарта белсенді  әуежай көлін және айналасын қоқыстан тазалады. Бастаманың мақсаты – қоршаған ортаны аялау ғана емес, болашақ ұрпақтың бойына экомәдениет ұғымын сіңіру, дейді ұйымдастырушылар.    

«Бұл сенбіліктің мақсаты – халыққа үгіт-насихат жасап табиғатпен бірге өмір сүруді үйрету. Қазір Сайран көлін тазартып жатырмыз», – деді Экология департаментінің басшысы Данияр Әлімсейітов.

Көлді тазарту жұмыстарына арнайы қайық бөлініп, су бетіндегі тұнбалар мен шөптер тазартылды. Ал жаһандық сенбілікке қатысушылар өзімен бірге қажетті құрал-сайманын сайлап балаларын ертіп келген. Бұл жастарды табиғатты сүюге, оның тағдырына бей-жай қарамауға үйретеді, дейді белсенділер.

«Таңертең ерте тұр, жуын, өзіңді қалпыңа келтір және табиғатты қалпына келтір» деген дана сөз бар. Үлкен мақсат кішкентай қадамнан басталады. Сондықтан, қоршаған ортаны аялау, климатты сақтау, айналаны таза ұстау - әрқайсымыздан басталады. Біз балаларымызға қаланы жасыл күйінде қалдырғымыз келеді. Ал бұл бастама болашақ жастарды табиғатты сүюге, оны қорғай білуге үйрететініне кәміл сенемін», – деді екінші деңгейлі банктің басқарушысы Клара Эрмакбаева.

Айта кетейік, ауқымды сенбілікті Іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясы, Түрксіб ауданы әкімдігі, қалалық Экология департаменті және білім беру орталықтары мен қаржы ұйымдарының өкілдері бірлесіп ұйымдастырды. Науқан нәтижесінде жиналған қоқыс қайта өңдеу үшін отандық компанияларға жіберілді.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров