Солтүстік Қазақстанда еліктер қырылып жатыр: жануарлардың өліміне не себеп

Солтүстік Қазақстанда еліктер қырылып жатыр: жануарлардың өліміне не себеп
Әлеуметтік желіге тараған өлі жануарлардың видеосына облыс тұрғындары дабыл қақт
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда еліктер қырылып жатыр. Әлеуметтік желіге тараған өлі жануарлардың видеосына облыс тұрғындары дабыл қақты. Жануарлардың өліміне не себеп болды? Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Инстаграм желісінде СҚО тұрғындары түсірген видеолар көптеген парақшаларда тарап, үлкен шу шығарған. Жергілікті тұрғындардың ойынша еліктер аштан қырылып жатыр.

«Ересек жануарлар мұндай жағдайды бұрын да бастан кешкен және олар тірі қалады деп ойлаймын. Себебі олар не жеу керегін біледі. Жас еліктер бұны түсінбейді. Барлығы биыл қардың көп мөлшерде түсуіне байланысты. Соның салдарынан еліктер азық таба алмай жүр», – деді  Сергеевка қаласының тұрғыны Михаил Михайленко.

Еліктің өлі денесін біз де таптық. Жануардың арық денесіне қарап, қорықтың жоқтығы көрініп тұр.

Жануарлардың жансыз денелері өңірдің басқа да аудандарында табылып жатыр. Саудыраған сүйек пен салбыраған теріден басқа дым жоқ.

«Жолдың шетінен бірнеше өлі еліктің денесін таптық, ал орман ішінде олардың саны бұдан да көп. Орман шаруашылының өкілдері жануарларды жем-шөппен қамтамасыз етуі тиіс. Алайда біз ештеңе көріп тұрған жоқпыз», – деді облыс тұрғыны Санжар Асқаров.

Орман шаруашылығының қызметкерлері болса, бұл пікірлермен келіспей отыр. Олар жануарлардың жаппай қырылуына азық тапшылығы емес, басқа факторлардың әсер еткенін айтады.

«Бұл биылғы қар көлемінің көп түсуіне байланысты. Тиісінше еліктер жол бойындағы осы ағаш-бұтақтармен қоректенеді. Өлім фактілері туралы айтатын болсақ, оған көбінесе көлікпен соқтығысу не қаңғыбас иттердің талауы себеп болып отыр», – деді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.

Пікірлер бөлініп кеткендіктен тәуелсіз сарапшының көмегіне жүгінуді жөн санадық.

«Әрине, бізді желідегі видеолар қатты алаңдатты, әсіресе, мұндай видеолар бір емес бірнеше. Бүгін біз орман шаруашылығы инспекциясында өткен отырысқа қатысып, осы сұрақты қойдық. Бірақ нақты жауап ала алмадық. Сондықтан еліктер қырылып жатқан жерлерді бірге аралайық деген ұсыныс айттық. Алайда қардың көп түсуіне байланысты қазір мүмкін емес деп өтінішімізді қабылдамады», – деді  облыстық «Добрая планета» қорының директоры Татьяна Мұхамеджанова.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек өңірде шамамын 15 мыңдай елік бар. Олардың қаншауының қырылғаны әзірге белгісіз.

Диана Есім


Новости партнеров