Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты балық шаруашылығы комитеті Каспий теңізі жағалауында қырылған итбалық пен бекіре балығына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv inform.kz-ке сілтеме жасап.
15 қазанда Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізген. Тексеру барысында, шамамен 10.40 кезінде Түпқараған ауданы Баутино ауылының маңынан 25 өлі итбалық өлексесі мен 33 бекіре тұқымдас балық табылған.
Айта кету керек, табылған теңіз жануарлары мен балық өлексесі әртүрлі дәрежеде ыдыраған, бұл олардың өлімі әр уақытта болғанын көрсетеді.
Қолданыстағы өзара іс-қимыл кестесі бойынша бұл факт жұмыс тобының бүкіл мүшелеріне хабарланды. Итбалық табылған жердегі жұмыс тобын Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары басқарады.
Қазіргі уақытта олар жұмыс тобының қалған мүшелерін күтіп отыр. Олар су, ауа, топырақ сынамасын алуға, мүмкін болса, өлі жануарлар мен балықтардың тінінен сынама алуға келеді.
- Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануар түрінің жойылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қосымша ақпарат түсуіне қарай ұсынылады, - деп мәлімдеді министрліктен.
Айта кетейік, жыл басындағы қысқы санақ бойынша итбалықтардың жалпы саны — 259 872 (Каспий теңізінің қазақстандық секторында — 240 168, ресейлік секторда — 19 704).
Оқи отырыңыз: Қазақстан алқаптарындағы астықтың қанша пайызы жиналды