Аймақта 4 экскаватор мен 30 жүк көлігі жұмыс істеп жатыр
Биыл наурызда Сайранмен қатар, қаладағы Қарасу және Әуежай өзенін механикалық тазарту басталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аталған су қоймаларын құрғату үшін оларды сумен қамтамасыз ететін Есентай мен Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің ағысы тоқтаған. Қазір Сайранның түбін тазарту үшін 4 экскаватор мен 30 жүк көлігі жұмыс істеп жатыр. Ал ауданы 60 гектар болатын аумақтан жалпы 140 мың шаршы метр қоқыс пен лай шығарылған.
– Осыдан 3 жыл бұрын халықтан әртүрлі шағым түсті. Көлден жаман иіс шығады, адамдар түрлі ауруға душар болды. Былтыр біз екі рет суды толтырдық. Толтырғаннан кейін тексеріс жұмысын жүргізгенде екі түрлі ішек құрты пайда болғанын байқадық. Сондықтан биыл ақпаннан бастап механикалық тазалауды бастадық, – деді Экология және қоршаған орта басқармасы бөлімінің бас маманы Есбол Әбділдәбекұлы.
Су қоймасының аумағын көріктендіру мақсатында іргелі жоспар құрылған. Болашақта тұрғындардың қыдырып, серуендеуіне арналған заманауи саябақ пен ойын алаңдары болады. Мамандар жұмыс биыл тамызда басталып, жоспарға сай 2024 жылы аяқталатынын айтты.
– Көріктендіру барысында жағадағы қауіпсіздікті де қамтамасыз етеміз, тұрғындар үшін аумақты жайлы еткіміз келеді. Негізгі жұмыстар ерте аяқталғанымен, Сайранды биыл суға толтырмаймыз. Жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймын, – деді Экология және қоршаған орта басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Сергей Герасименко.
– Жоспарға сәйкес, биыл 3,5 мың ағаш отырғызамыз. Көбіне су қоймасының айналасы көгалдандырылады. Қыдыратын аумағы 2,5 шақырым десек, жол арқылы жағалаулар бір-біріне қосылады, – деді көріктендіру жобасының бас архитекторы Нэлли Лаптаева.
Алматыда 109 ағынды су бар. Оның ішіндегі 49 ең ірі ағын 447 километрді алып жатыр. Былтыр мұның 14 шақырымында жағалау бекітіліп, аумақ абаттандырылған еді. Тағы 127 шақырым әлі де жұмыс жүргізуді қажет етеді.
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы