Президент тапсырма берді: Экология министрі Көбейтұз көлі мәселесін қалай шешпек

Фото : 24kz
Фото : 24kz
Сонымен қатар, елімізде қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу жоспарлану
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа зиянын тигізген заңбұзушыларға салынатын айыппұл құнын ұлғайтуды тапсырды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар, бүгін Президент Твитер желісінде Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұрғанын жазған еді. Әсіресе, ерекше қызғылт түсті Көбейтұз көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылық орынды, деп атап өтті. Бұл мәселені жауапты министрлік Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін беру арқылы шешетіндерін жеткізді.

«Соңғы айларда тіркелген жағдайлар қысқа уақыттың ішінде тұмса табиғаттың көркін қалайша құртуға болатынын айқын көрсетіп берді. Бұл – ерекше бірегей көл. Әлбетте, мобильді бекеттер мен шлагбауммен проблема шешіле салмайды. Себебі шлагбаум бар жерде оны аттап өткісі келетіндер де көп болады. Проблеманы шешудің екі жолы бар. Біріншісі – экологиялық білім және айыппұл мөлшерін көбейту. Екіншісі – көлдің бірегейлігін пайдалана отырып, біз оған ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін берсек дейміз. Осылайша оған қатысты шектеу шаралары күшіне енеді», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.  

Сонымен қатар, елімізде қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу жоспарлануда. Айта кетейік, жақында мемлекет басшысы «Waste to Energy» технологиясын енгізу үшін заңнамалық база мен қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуді, сонымен қатар, елді мекендердің маңында заңсыз қоқыстарды тастауға жол бермеу және оны жою бойынша жүйелі шараларды қабылдауды тапсырған болатын.

«Елімізде қалдықтарды қайта өңдеу үлесі өте төмен. Бар-жоғы 15 пайыз ғана. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 2 есе, яғни орта есеппен 30 пайыз. «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 40 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Алайда бүгін Қазақстанда қоқыс шығару тарифтері төмен және ол жерде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату шығындары ескерілмеген. Сондықтан бұл саланың инвестициялық тартымдылығы өте төмен», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.  

Новости партнеров