Экологиялық ахуалы онсыз да оңбай тұрған Ақтөбе қаласын соңғы 2 тәуліктен бері көк түтін басты. Аймақта қоқыс полигоны өртеніп, жұрт далаға шыға алмай қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен сенбі, жексенбі күндері өртенген қоқыс полигоны әлі бықсып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметкерлері от қайтадан маздап кетпеу үшін қоқыстың бетін құммен жауып әлек. Полигон әлі 5 жыл қызмет етуі тиіс болатын. Алайда мерзімінен бұрын қоқысқа толып қалған. Соңғы 8 жылдан бері өрттен көз ашпай келеді. Былтырдың өзінде 15 рет өртке оранған.
– Қазір құм себу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Арнайы техника сол маңда тәулік бойы жүр. Өрт өршіп кетпеу үшін амалын жасап отырмыз. Қыркүйекке дейін жұмыс аяқталуы керек, – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әл-Фараби Садықов.
Бүгін – полигондағы өрттің басталғанына төртінші күн. Мамандар өрт ошағы тереңде болғандықтан, оны сөндіру де оңай болмай тұрғанын айтты. Қырық техника жұмылдырылып, күні-түні құм себу жұмысы жүргізілуде. 42 гектар аумақты алып жатқан Қоқыс полигонының әр тұтанған сайын бір-бір жарым гектары өртенеді. Өткен 2 күнде тағы бір гектардан астам аумағы қызыл жалынға оранды. Көк түтіннің кесірінен тұрғындардың тынысы тарылып, жағымсыз иістен басын көтере алмай қалған.
– Көк түтін, терезені жаптық. Далаға шықсам, иістен басым ауырды, – деді қала тұрғыны Мира Жалымбетова.
– Қала экологиясы күннен-күнге нашарлап барады. Амал жоқ. Қоқыс, сасық иістен шаршадық, – деді қала тұрғыны Айгерім Эрнест.
– Батыс ауданда тұрамын. Терезелерді жауып, тұншығып отырдық, – деді қала тұрғыны Мира Жалмурзина.
– Таза ауа деген сөздің мәнін ұмыттық қой. Мәселені қалай да шешу керек, – деді қала тұрғыны Айдана Қайрат.
Алайда шенеуніктер қол қусырып қарап отырмағанын айтты. Полигон өздігінен жанбауы үшін қалыңдығы 60 сантиметр топырақ төсемек. Бұл үшін қазынадан 219 миллион теңге қарастырылған. Қоқыс полигоны – Ақтөбедегі қатты тұрмыстық қалдық қабылдайтын жалғыз орын. Ал маңынан ашылған аумағы 12 гектар болатын жаңа орын әзірге қоқыс қабылдауға жарамай тұр.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы телеарнасы», Ақтөбе
Оқи отырыңыз: «Оңтүстік Қаратұрындағы» өрт әлі өшкен жоқ