Жасыл аула: Алматыда көшеттерді тұрғындарға тегін таратып жатыр

Жасыл аула: Алматыда көшеттерді тұрғындарға тегін таратып жатыр
Көгалдандыруға үй тұрғындары мен ЖЭБ мамандары қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 10 сәуірде «Жасыл аула» науқаны аясында көшеттерді тарату басталды. Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының мамандары 50 мекенжайға барып, 500-ге жуық жапырақты ағаш  көшетін  таратты, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Өтініш бергендердің бірі – Бөгенбай батыр көшесіндегі №146 үйдің тұрғындары. ЖЭБ қызметкерлері олармен бірге 18 шие мен акация көшеттерін отырғызды.

«Биылғы көктемде біз көшеттерге деген сұраныстың артқанын көрудеміз. 10 күн ішінде бізге 2000 ағаш алуға өтініш түсті. 10 сәуірден бастап алғашқы мекенжайларға ағаштарды жеткізе бастадық. «Жасыл аула» науқаны Jasyl Almaty көгалдандыру жөніндегі бағдарлама аясында жүзеге асырылуда», – деді Алматы жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.

Алмалы ауданының тұрғыны Адия Байдилдина өз ойымен бөлісті.

«Біз көшеттерді тарату туралы хабарландыруды көріп, тез арада өтініш бердік. Ауламыз шағын әрі оның жасыл болғанын қалаймыз. Ағаш еккенді бұрыннан қалайтынмын. Анам екеуміз күтеміз, енді бұл біздің мақтанышымыз», – деді алматылық тұрғын.

Ағаш отырғызғанда оның тамыр жаюы басты назарда болуы тиіс. Сондықтан алғашқы екі жылда өте мұқият қарау керек: су құйып, тыңайту қажет. Бұл үшін науқанға қатысушылар көшеттерді күту жайлы кепілдікке қол қойды. Ағашты отырғызу және күту ережелері жазылған нұсқаулар тұрғындарға таратылды.

Көгалдандыруға үй тұрғындары мен ЖЭБ мамандары қатысты. Іс-шара санитарлық нормаларға сәйкес өтті, бетперде режимі мен әлеуметтік арақашықтық сақталды.

Еске салсақ, осы жылдың 10 сәуірінде көшеттерді алу жөнінде өтінімдерді қабылдау аяқталды. Акцияның қалған қатысушыларына 17-18 сәуірде жасыл желек көшеттері беріледі. Бұл шара кезекпен жүзеге асырылады.

Новости партнеров