СҚО-да ірі қара арасында індет тарап жатыр

СҚО-да ірі қара арасында індет тарап жатыр
Ветеринарлық тексеріс нәтижесінде індет расталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан шаруашылықтың бірінде сиырлардың құтыру фактісі анықталды. Ветеринарлық тексеріс нәтижесінде індет расталды. Осыған байланысты шаруашылықта 60 күндік шектеу шаралары енгізілген. Ал қауіпті дерттің қайдан пайда болғанын өңірдегі Almaty.tv тілшісі Диана Есім айтады.  

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тимирязев ауданында ірі қара арасында құтыру ауруының ошағы тіркелді. Арнайы тексеріс жүргізген мамандар көп күттірмей кеселдің неден тарағанын анықтаған. Сөйтсе, сиырларды өсіретін шаруашылықтың аумағына түлкі кіріп кетіп бір сиырды тістеп алыпты.

«Атамекен-агро-Докучаево» шаруашылығында бір бас қара мал құтыру ауруына күдікке ілінді. Сол күні мал өлім-жітімге ұшырады. Келесі күні патологиялық материал алынып, зертханаға жеткізілді. Нәтижесі бойынша құтыру ауруы дәлелденді. Ветеринариялық-санитарлық талаптарға сай осы шаруашылыққа шектеу шаралары енгізіледі. Қазіргі уақытта шаруашылықта басқа ауру малдар тіркелген жоқ», – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Жабайы аңдардың елдімекендерге шығуына азық жетіспеушілігі себеп болған. Соңғы кезде мұндай деректер жиі тіркеледі. Ал бұның адамдарға да, малдарға қауіпі жоғары. Себебі құтыру кеселін қоздыру үшін жыртқыштың бір тістегені жеткілікті.

«Құтырған сиырлардың негізгі белгілері – сілекей ағады, жануар мал қозып кетеді, яғни жүйке жүйесі зақымданады, тәбеті болмайды. Судан, жарықтан қорқып, адамдардан қорқып, бір бұрышқа тығылып жатады», – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Қазіргі уақытта құтыру ауруына шалдыққан сиырмен бір табында болған ірі қара тұтастай ветеринарлардың бақылауына алынды. Алдағы уақытта облыста 53 мың бас ірі малға құтыру ауруына қарсы вакцина егу жоспарланып отыр.

Диана Есім

Новости партнеров