Қазақстан суармалы судың қажетті көлемін алу үшін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен келіссөздер жүргізуге мәжбүр
Қазақстан суармалы судың қажетті көлемін алу үшін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен келіссөздер жүргізуге мәжбүр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты. Бұдан бөлек Сенатта өткен Үкімет сағатында Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне су беру кестесін сақтамау себептерін талқылауды жоспарлап отырғаны сөз болды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің сөзінше, 4 елмен жеке-жеке келісім аясында Ведомствоаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы жұмыс істейді. Сырдария өзенінің бассейні бойынша негізгі проблема – бұрын Кеңес заманында белгіленген су ресурстарын бөлу тәртібін бұзу болып отыр.
«Өз кезегінде, Қазақстан өзендердің төменгі ағысында орналасқан ел ретінде вегетация кезеңінде суармалы судың тапшылығын қатты сезінеді. Осыған байланысты, суармалы судың қажетті көлемін алу үшін біз тараптардың әрқайсысымен жеке келіссөз жүргізуге мәжбүрміз. Айта кету керек, биыл Өзбекстан Республикасымен елеулі жұмыс жүргізілді. Осы жылдың жаз айында проблемалық мәселелердің барлық спектрін қамтитын және олардың шешу мерзімдерін айқындайтын су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасына қол қойылды», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Бұдан бөлек, Үкімет сағатында Қытаймен су ресурстарын бөлу мәселесіне қатысты өте күрделі келіссөздер жүріп жатыр, деді Мағзұм Мырзағалиев.
«Қытаймен өте күрделі келіссөздер өтеді. Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел болып саналады», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Ал, Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне су беру кестесін сақтамау себептерін талқыламақшы. Көршімен трансшекаралық өзендер саласындағы ынтымақтастық Шу және Талас өзендері бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан осы келісім негізінде өз міндеттемелерін толық көлемде орындағанмен, қырғыз тарапы мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін мерзімді түрде сақтамайтын көрінеді. Бұл ретте депутат Ақылбек Күрішбаев елімізде су саласында білікті мамандардың жоқтығын айтты.
«Су саласының ең үлкен мәселесі – бұл мамандардың тапшылығы. Ашығын айтсақ, елімізде су мәселесін жақсы білетін білікті, білімді мамандар қалмай жатыр. Егерде резюмелерін ашып көрсеңіздер, су комитетінің, су мекемелерінің басшылары мен қызметкерлерінің мамандыққа сәйкес келмейді. Ол тұрмақ, жаңа Мағзұм Маратұлы айтқандай, Қытайға келіссөзге барғанда біздің ең осал жеріміз ғылыми негіздеме жасайтын ғалымдарымыз жоқтың қасы. Оларда неше түрлі ғылыми зерттеу институттары бар. Бізде біздің позициямызды дәлелдейтін ғалымдарымыз жоқ деуге болады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.
Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін Білім министрлігімен ақылдасып біріктірілген университетте арнайы су институтын құру жоспары жасалғанын жеткізді министр. Ал, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Экология, геология және табиғи ресурстар министріне шетелге ұялмай бару үшін мамандарын әр елге жауапты етіп бекітіп қоюға кеңес берді
Асылбек Тойбек