Студенттер EcoStudentKZ челленджіне қатысты

11.10.2022 00:11

Сенбілікке 10-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, 80 текше метр қоқыс пен жапырақтар жиналды

пресс-служба КазНУ им. аль-Фараби

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері EcoStudentKZ республикалық челленджіне қызу қолдау білдірді. ҚазҰУ жастары танымал туристік орындар – Көкжайлау үстірті мен Бутаковка шатқалын қоқыстардан тазарту жұмыстарына қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экоеріктілер қатарынан табылған ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің 2-курс студенті Қалан Таңнұр: «ҚазҰУ студенттері Алматы жастары және қала әкімдігімен бірге үлкен игілікті іс атқарды деп ойлаймын. Мен барша қала тұрғындарын тазалықты сақтауға шақырамын. Мұндай шаралардың жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпалы зор», – деп атап өтті.

Экологиялық акция аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығында да жалпы университеттік сенбілік өтті. Оған университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер – барлығы 4000-нан астам адам атсалысты.  

Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев қалашықта өткен сенбілікке арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін пысықтады. Ректор акцияға қатысушы жастармен пікірлесіп, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға шақырды.

Сенбілікке 10-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, 80 текше метр қоқыс пен жапырақтар жиналды.

Соңы жастардың көңілді кешіне ұласып, домбыра, гитара аспаптарының сүйемелдеуімен әндер шырқалып, күй тартылды.