Алматы тауларының баурайында бәйшешек гүлдеді

15.03.2022 02:04

Сирек кездесетін дала гүлінің қандай қасиеті бар және қандай жерлерде өседі?

Almaty.tv

Алматыда көктемнің жаршысы – бәйшешек гүлдеді. Күн жылынған соң бүр жаратын бұл өсімдікті тамашалауға дүйім жұрт асық келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

    

Бәйшешек – қызғалдақ туысына жататын көп жылдық, пиязды өсімдік. Бұл гүлдің латынша атауы «галантус». Ол гректің «гала» - сүт және «антус» – гүл деген сөзінен шыққан. Яғни, қазақша сүт тамшысы деген мағына береді. Бәйшешектің аппақ қауызы шынында да, қатып қалған сүт тамшысына ұқсайды.

Бәйшешек кез келген жерде өспейді. Көктемнің көркі саналатын гүлді табудың оңай емес екенін өзіміз де сезіндік. Сұлулыққа тамсану үшін таулы аймақты бір-ақ шарлап, 3 шақырымдай жерді еңсердік.

Бәйшешек нәзік әрі сынғыш келгенімен, суыққа өте төзімді. - 10 градусқа дейін шыдас береді. Бұл гүл – жаңарудың, тазарудың, мереке басталуының белгісі. Алматылықтар жыл сайын осы өсімдікті тамашалау сәтін асыға күтеді екен.

«Бәйшешекті мұндай ауқымда алғаш рет көріп тұрмын. Бала кезімізден көктем келе сала осы гүлді көруге асығамыз. Таулы аймақтарда шамамен сәуір айында гүлдейді. Соған да барамыз. Мұны жұлмай, күтіммен қарау керек екенін еске саламын», - дейді қала тұрғыны Галина Степаненко.

Көктемнің көркіне айналған бұл өсімдік құрамында «галантамин» өнімі бар. Зерттеушілердің айтуынша, бәйшешек гүлінен Альцгеймер және деменция ауруына шипа болатын дәрі жасайды. Сондықтан Алматының бас ботаникалық бақ мамандары жанға дауа жаршы гүлге асқан күтім жасайтынын айтады.

«Бәйшешек ботаникалық бақтың негізі қаланғалы, яғни 1960-шы жылдардан бері өседі. Мұнда гүлдің өсуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Елімізде бәйшешек Қызыл кітапқа енгізілген. Таралу аймағы жылдан жылға азайып бара жатқандықтан, ерекше қорғауға алынған», - деді бас ботаникалық бағының зертхана меңгерушісі Ескендір Ситеков.

Бәйшешек – сенім, достық, адалдық, тазалықты білдіреді. Көпшілік аппақ әдемі гүлді кездестіруді жақсылықтың нышаны деп есептейді екен. Айта кету керек, Ресейдің Қызыл кітабына бәйшешектің 6 түрі, ал Қазақстанның Қызыл кітабына 2 түрі енгізілген.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы