Сонымен қатар елімізде экологиялық заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі
Экология министрлігі құстар мен жануарлардың жаппай қырылуына байланысты Каспийде зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ал киік популяциясын реттеу үшін дала жануарларын ату жоспарланып жатыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар елімізде экологиялық заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.
Еліміздің бас экологы Серікқали Брекешов Мәжілісте Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодексіне, сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар жобасын таныстырды. Ұсынылған жаңа нормаларда ұлттық табиғи байлықтарды, бірегей экожүйелерді, құрып кету қаупі бар жануарларды және олар мекендейтін жерлерді сақтау көзделген. Аталған заң жобасында жер қойнауын өз бетінше пайдаланғандарды 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру да көзделген.
«Қылмыстық кодекстің «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану», яғни 334-бабында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және жер қойнауын заңсыз өндіруге жол бермеу мақсатында 334-баптың 1-бөлігі «қылмыстық теріс қылық» санатынан «қылмысқа» ауыстырылып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны енгізу арқылы санкция күшейтіледі», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Сонымен қатар Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерді ластағандарға салынатын айыппұл көлемі ұлғаяды. Ал заң жобасында заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұл мөлшері керісінше азайған. Атап айтсақ, елеулі залал үшін 100-ден 50 АЕК-ке дейін, ірі залал бойынша 1000-нан 500 АЕК-ке дейін төмендемек. Ал депутаттар заң күшейтілгенімен іс жүзінде жұмыс істемейтінін сынға алды.
«Бас прокуратураның ұсынған мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 жылда экологиялық құқық бұзушылықтарға қатысты қылмыстың 19-баптың 9-бабы бойынша айыппұлдар мүлдем алынбаған. Ал 3 бап бойынша айыппұлдар туралы 2 жылдың ғана мәліметі бар», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутатыӘлия Сапарова.
«Сұрағыңызға рахмет! Егер рұқсат болса, мен нақты анықтаманы жазбаша түрінде берсем», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Депутаттың сұрағына жауап бере алмаған министрге отырыстан кейін журналистердің жаудырған сұрақтарына жауап беруге тура келді. Тілшілер қауымы Батыс Қазақстандағы киіктердің санын азайту қалай жүзеге асырылатынын сұрады. Ведомство басшысы ғылыми зерттеу жүргізу үшін 500 бас киік алынатынын мәлімдеді. Және ол жұмыстар қазан айында басталады деп жоспарланып отыр.
«Биологиялық негіздеме аяқталды. Ғалымдар киіктер мәселесін реттеу қажет екенін айтты. Бұл - Орал популяциясына қатысты. Қазір Орал популяциясының саны 800 мыңнан асады, соның 10 пайызы реттеледі. Бүгінде сол Батыс Қазақстан облысында ақбөкендер жайылымға ғана емес, егіс алқаптарына да кіріп жатыр», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Ал министр Каспий теңізінде құстар мен жануарлардың жаппай қырылуына байланысты аумаққа ауқымды зерттеу жүргізіп, мұнай өндіру компанияларының экологияға әсерін тексеруге уәде берді. Естеріңізге салайық, «Қызыл кітапқа» енген шағаланың мыңға жуық өлексесі 17 маусымда Қашаған кен орны маңындағы «Ақжайық» қорығы аумағынан табылған еді.
Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телернасы